Астаналық полиция қызметкерлері аса ауыр жағдайдағы кісі өліміне қатысы бар деген айыппен Беларусь Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының азаматтарын іздеу шараларын жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Астана қалалық ішкі істер департаментінің мәліметтері бойынша, 2012 жылдың 10 желтоқсанында Минскідегі тұрғын үйлердің біріндегі жалдамалы пәтерлердің бірінде асқан айуандықпен өлтірілген екі адамның денесі табылған еді. Артынан анықталғандай, қаза болған екі адамның бірі 1985 жылы туған Қазақстан Республикасының, екіншісі 1982 жылы туған Ресей Федерациясының азаматтары болып шыққан.
«Қылмыскерлер асқан айуандықпен қылмыс жасап, пышақпен бірнеше жерден жарақат салып, жапа шегушілердің ірі көлемдегі ақшаларын тонап әкеткен», делінген хабарламада.
Аталған іс бойынша Беларусь Республикасының тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Астана қалалық ІІД-мен бірлесе іс-қимыл жасау нәтижесінде күдіктілердің Қазақстан Республикасы аумағында жүргендігі анықталды. Олар еліміздің 29 және 32 жастағы азаматтары болып шыққан.
Жауап алу барысында олар өздерінің кінәларын толық мойындады.
Ал, Беларусь Республикасы құқық қорғау органдары арқылы қозғалған қылмыстық іс әрі қарайғы тергеу шараларын жалғастыру үшін Қазақстанның бас прокуратурасы арқылы Астана ІІД-не табысталды.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 280 бабы бойынша сотқа табыс ету үшін қылмыстық іс Астана қалалық прокуратурасына жіберілді.