16.09.2014, 08:25

Есірткіге қарсы операция кезінде 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Сурет: etoday.ru

«Канал» өңірлік есірткіге қарсы операциясы шеңберінде жүргізілген «Канал-Долина» есірткіге қарсы операциясы аяқталды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бес тәулік бойы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің аумағында есірткі топтары әрекеттерінің жолын кесу және заңсыз айналымнан есірткі құралдары мен психотроптық заттарды, қарулар мен оқ-дәрілерді алу, есірткі бизнесінің экономикалық негіздерін жою бойынша үйлестірілген жедел операция өткізілді.

Сонымен қатар өңірдегі есірткі ахуалын тұрақтандыру, заңсыз айналымнан  есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, қарулар мен оқ-дәрілерді алу, есірткі бизнесінің экономикалық негіздерін жою бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылды.          

ҰҚШҰ-ға  мүше мемлекеттердің және бақылаушы мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының, қатысушылардың арасындағы сенімнің жоғары деңгейде болуының және олардың өзара белсенді іс-қимылының нәтижесінде заңсыз айналымнан 4 тонна 206 келі есірткі, оның ішінде 95 келі героин, 40 келі синтетикалық есірткі, 27 келі апиын, 2 тонна 570 келі марихуана, 1 тонна 81 келі гашиш, 17 келі жабайы өсетін көкнәр, сондай-ақ, 1 тонна 101 келі прекурсор алынды.

Операцияны өткізу кезінде қылмыскерден 211 дана атыс қаруы және 18971 оқ-дәрі алынды.

2446 есірткі қылмысы анықталды. Операция барысында барлығы 12288 мың қылмыстық іс, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 1733 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі қылмысы үшін 1637 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.