30.09.2014, 04:12

Ақтөбеде жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды

Кәсіпорын көне зауыттың жанынан бой көтерді, және уақыт өте толықтай жаңасына ауыстырылады. Әзірге Ақтөбеде жаңа зауыттың тек бір ғана цехы іске қосылды. Оның айырмашылығы — хромның ең көп қоры сақталған Оңтүстік Африка Республикасының технологиясын пайдалану. Осыдан бірнеше жыл бұрын бізден Африкаға апарылған 100 тоннаға жуық кеннен феррохром өнідіріп алуды байқап көрді. Сол кезде алынған мәліметтер бойынша жаңа өндірістің құрылысы басталған болатын. Жаңа технологияның  артықшылығы сонда, ол феррохромды құм сияқты ұсақ кеннен де ажыратып алуға мүмкіндік береді.

— Әлемде хромның 2 ірі кен орны бар — Ақтөбе облысының Хромтауында және Оңтүстік Африка Республикасында, — дейді «Қазхром» ТҰК Ақтөбе ферроқорытпалап зауытының 4-ші цехы басшысының орынбасары, техникалық ңылымдар кандидаты Ержан Абдулабеков. — Бірақ біздің кеннің құрамы бай, оның құрамының 70 пайызы хромнан тұрады. Тек өндіріп алу кезінде оның көп бөлігі құм сияқты ұсақталып кететіні — проблема. Феррохром алу үшін мұндай кенді «кесектеуге» тура келеді, цех, фабрикаларды ашу керек, ол қосымша шығынды қажет етеді. Компанияда шығынды азайту туралы көп ұсыныстар болды. Ол үшін Оңтүстік Африка Республикасының технологиясын қабылдау туралы шешім қабылданды. Ал ол жақтағы пештер құрылымы басқа — тұрақты электр тогына қосулы. Температура 1900 градусқа дейін жетеді. Ал соғыс жылдары салынған Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы пештердің температурасы одан төмен.

2008 жылы 100 тоннаға жуық біздің кенімізді параходпен Оңтүстік Африкаға жібердік. Қорытындысы қанағаттандырарлық болды. Өндіріс ашу үшін пештерді ауыстыру, жаңа цех салу керек болды. Осылайша 4-ші цехты іске қосу ойымызға келді. Ол тамыз айында алғашқы өнімін берді. Хромды алу 90% астамды құрайды. Жаңа әдіс арқылы біз  2 мың тоннадан астам феррохром шығардық. Бұл бір пештен  алынған өнім. Салыстыру үшін айта кететін болсақ: көне зауыттағы 16 пештен  жылына 330 мың тонна феррохром өндіріледі. Ал жаңа зауыттың 4 пешінің жылына қуаттылығы — 440 мың тонна феррохром. Біз үш пешті биыл іске қосқымыз келеді. Уақыт өте келе көне цехтар жабылып, жаңалары ашылады, яғни жаңа зауыт пайда болмақ.

Жаңа зауытты іске қоспас бұрын 23 ақтөбелік металлург Оңтүстік Африка Республикасында әдістемеден өтіп келді.

— Біз олардың технологиясын жетілдірдік, — дейді АФЗ директоры Мұрат Мұқашев. — Енді әлемдік металлургия біздің тәжірибемізден үлгі алатын болады. – Жаңа зауыт әлдеқайда көп өндімді шығаратын болады, бұл  облысымыздың және еліміздің экономикасына қосқан қомақты үлесі болып табылады. Жаңа зауытта Президент Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте болды. Ол металлургтердің және өндірістің жайын, оның мүмкіндіктерін жақсы түсінеді. Шикізат материалдарын ысырап қылуға болмайды. Өнімдерді  жоғарғы  бағамен сату қажет. Бізде ол — феррохром. Жаңа зауыттың инвестициялық құны 843 миллион долларды құрайды.

Салынып жатқан ферроқорытпалар зауытында барлығы механикаландырылған. Өндірістен келетін залал мөлшері әлдеқайда төмен: пештердің бәрі жабық, газдан тазаланады. Балқытушылар бұрынғыдай пеш жанында тұрмайды. Барлық мәліметтер монитордан көрініп тұрады, балқытушылар жұмысты пультпен басқарады.

Ақтөбелік феррохромнан тот баспайтын болат шығарылады.Шығарылған өнімді Еуропа, Қытай, Америка, Корея және басқа елдердің комбинаттары сатып алады. Тот баспайтын болаттан шай қасықтан бастап, ұшаққа дейін бәрі жасалады, ол сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібінде тиімді пайдаланылады. 

Альмира АЛИШБАЕВА