«Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы сапарын Ақсу қаласынан бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қазанның 1-інде «Менің елім - Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық жастар экспедициясының жұмысы басталған-тұғын. Ақтау қаласынан жолға шыққан құрам «Мәңгілік ел» идеясын кеңінен насихаттап, туған елдің тарихына терең бойлап, әр аймақтың ерекшеліктеріне қанықпақ.
Жастардың бұл бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, ақ жол тілеген еді.
Мұндай бірегей жоба елімізде алғаш рет қолға алып отырғандықтан, экспедиция мүшелерін іріктеу қатаң жүргізіліпті. Әр үміткердің мүмкіндіктері мен білімі сарапталып, мықтылары ғана таңдап алынды. Сынақтан сүрінбей өткен түркітанушы, этнограф, журналист және тағы басқа мамандық иелері экспедиция құрамына қабылданды. Ерекшелігі, бір адам бірнеше қызметті қатар алып жүре алады. Мәселен, дәрігер оқыс оқиға болып қалса, алғашқы көмек көрсетіп қана қоймай, көлік жүргізушісі мен фотограф та бола алады. Олар сапарға шығу үшін жарты жыл уақыт дайындалған екен. Сөйтіп, осы айдың алғашқы күні Каспий теңізі жағалауынан жолға шықты.
Жол талғамайтын отандық көліктерді тізгіндеген экспедицияның 20 мүшесі бұған дейін бес мың шақырым жолды өтіп, жеті өңірде болды. Бұрнағы күні олар Ертістің Павлодар өңіріне аялдады.
«Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы сапарын Ақсу қаласынан бастады. Меймандар Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмыс барысымен танысып, өндіріс орнының тарихынан мағлұмат алды. Өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігіне қанығып, жұмыскер жастармен «дөңгелек үстел» басына жиналды. «Мәңгілік ел» идеясын арқау еткен жиында келелі мәселелер талқыланды.
— Еліміз индустриаландыру бағытын дамытуды мықтап қолға алды. Ал Қазақстанның индустриалды орталығы – Павлодар облысы. Мұндағы зауыттар өндіріс қуатын еселеуде. Ақсу ферроқорытпа зауытына арнайы клуіміздің бірден-бір себебі де осы. Кәсіпорында еңбек ететін қызметкерлердің дені жастар екені қуантады. Осындай еңбекқор азаматтардың көмегімен Мәңгілік ел алға басары сөзсіз, — деді экспедиция мүшесі, этнограф Бақтыбай Жайлауов.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, шаһар ныша-нына айналған «Шаңырақ» мүсінін сыйға тартты.
Каспийден Алтайға бет алған жастардың сапары облыс орталығында жалғасты. Олар «Достық үйі», «Астана» мұз сарайы, Оқушылар сарайы, Рәміздер алаңында болып, қаламыздың бірқатар нысандарын аралады. Естай атындағы мәдениет сарайына жиналған қауым назарына отандық көліктер көрмесі ұсынылып, қонақтар жергілікті автомобиль әуесқойларымен бірге қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. «Бұл – отандық өнімге қолдау көрсету» дейді экспедиция мүшелері. Айтуларынша, Қазақстанда құрастырылған «темір тұлпарлар» шетелдік көліктерден еш кем соқпайды. Әр қазақстандық отандық тауарды таңдаса, экономикамыз өрлейтіні анық деген пікірлерін де білдірді.
Өз еліміздің өнімін қолдау қажеттілігін облыс әкімінің орынбасары Арын Өрсариев те айтты. Сонымен қатар, ол жастардың тың жобасы халқымыздың бірлігі мен татулығын паш етіп, жас толқынды отансүйгіштікке баулитынын атап өтті.
— Кейбіріміздің Қазақстанның көрнекті жерлері, тарихи ескерткіш-тері туралы біле бермейтініміз - шындық. Осындай экспедиция білімді тереңдетуге үлкен мүмкіндік болмақ. Ал экспедиция мүшелері өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігімен етене танысып, мол мағлұматқа қанық болды деп ойлаймын. Сіздердің бұл бастамаларыңыз өзге жастарға үлгі боларлық, — деді Арын Амангелдіұлы.
Экспедиция жұмысының Ақтаудан бастау алуы құрамда тек сол өңірдің жастары бар екенін айғақтамайды. Мұнда еліміздің әр өңірінің белсенді азаматтары жиналды. Ал оларға павлодарлық Евгений Рыбалко жетекшілік етеді. Ол құшақ жая қарсы алған жерлестеріне ризашылығын білдірді.
— Мәңгілік ел құру – еліміздің әр азаматының арманы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде бұл арман ақиқатқа айналуда. Еңселі еліміз бен мызғымас бірлігіміз, тұғырлы тәуелсіздігіміз бар. Әр азамат кең байтақ жерінің тарихын терең білуі тиіс. Осы мақсатты алға қойып, еліміздің түкпір-түкпірін аралауға жолға шықтық. Көрген-білгенімізді қатарластарымызбен бөлісіп, оларды да ұлан-ғайыр даланың ғажайыптарымен танысуға шақырудамыз. Бұл арқылы таным көкжиегі кеңейіп қана қоймай, ішкі туризм дамиды. Туған жеріме келіп, жұртшылықпен қауышқаныма қуаныштымын. Әріптестерім де Ертіс бойында орналасқан әсем шаһардың ерекшеліктерін баса айтуда. Қолдау көрсетіп, бастамамызды құптаған барша азаматқа алғысымыз шексіз, — деді экспедиция жетекшісі.
Мұндай жобаларды павлодарлық жастардың да қолға алуы әбден мүмкін. Жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Еркебұлан Күнтуған жергілікті жастар да туризмді дамытуға байланысты ауқымды шараларды атқаруды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Эскпедицияның «жұлдызды» мүшесі - қазақстандық әнсүйер көпшіліктің жүрегінен орын таба білген италиялық жігіт Сон Паскаль. Ол экспедиция мүшелерімен бірге жер-жерді аралап, халықты өнерімен тәнті етіп келеді. Бұл жолы да павлодарлық қауымның зор қошеметіне ие болды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән шырқаған жігіт әр сапар сайын мол мағлұматқа қанық болып жүргенін атады.
— Мен үшін бұл сапардың орны ерекше. Қазақ халқы жайлы білерімнен білмейтінім көп екен. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері де байқалды. Павлодарлықтардың өнерге деген құрметі мен жастардың белсенділігін айрықша атар едім, — деді италиялық жігіт.
Сапар соңында экспедиция «Менің елім» фотокітабын шығаруды жоспарлап отыр. Мұнда Қазақ жері жайлы тың деректер мен қызықты ақпараттар енбек.