Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіндегі Ақтау шекара жасағының баспасөз қызметі мәлімдегендей, маңғыстаулық шекарашылар мен құқық қорғау органдары және табиғат қорғау ведомстволары отырып Каспий теңізінің акваториясындағы браконьерлік іс-әрекеттердің алдын алу және теңіз биоресурстарын қорғау бойынша жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді.
«Ұйымдастырылған жұмыстардың қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 390 бабы бойынша 23 Қазақстан Республикасының азаматы, ҚР Қылмыстық Кодексінің 330 бабы бойынша 4 Әзірбайжан Республикасының және 21 Ресей Федерациясының азаматы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 8 теңізде жүзу құрылғысы, 400 килограмм бекіре тұқымдас балықтары тәркіленіп, белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттің меншігіне өткізілді», делінген ведомство хабарламасында.
Құқықбұзушылықтың басым бөлігі республикамыздың аумақтық және ішкі суларына шығу мен қайта оралуға қойылған тәртіпті білмеуі мен орындалуын қаламауы нәтижесінде болғандығы айқындалды.
2014 жылдың 21 қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №19 қаулысымен жүзуге, мұз үстінде жылжуға арналған құралдардың тірек ету орындарынан шығуға (шығарылуына) және кемелердің жағалауға аялдайтын орындары мен жүзу, мұз үстінде қозғалу құралдарының кемежайлары, тірек ету пункттерінің жабдықталуына құжаттардың ресімделу тәртібі бекітілген.
Бекітілген тәртіпке сай, шекара зоналарының аумағында, сондай-ақ шекара зоналары қойылмаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына немесе шекара қызметімен күзетілетін теңіз жағалауына іргелес жатқан территорияларында балық аулайтын және басқа да өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін кемелер, сондай-ақ мұз үстімен қозғалатын құралдар жақын жерде орналасқан шекара қызметінің бөлімшелерінде есепке қойылуы қажет. Ол туралы қайық иелерінің тіркеу құжаттарында арнайы мөр қойылады.
Көрсетілген кемелер мен мұз үстінде қозғалатын құралдар кемелер тоқтайтын, кемелер аялдайтын және тіреу орындарына тіркелуі қажет және де үнемі аялдайтын орны болуы керек.
Бұл кемелерді тану үшін олардың иелері, шекара режимі туралы облыс, аудан, қала аудандары бас әкімшілігінің қаулысымен (шешіммен) бекітілген, кемеге берілген тіркеу нөмірлері мен жазулары оның тұмсық және қаптал бортына жазылады, ал желкенді және ескекті қайықтар мен мұз үстімен қозғалатын құралдар бортына тұмсық бөлігіндегі арнайы жабдықталған ауданға жазылады. Құтқару құралдарында, желкендерде осы кемеге берілген индекс пен нөмірлер болуы қажет.
Теңізге және Қазақстанның шекара өзендері, көлдері және басқа да су қоймалары су бөлігіне шығу, сонымен қатар мұзасты аулауға, әуесқой-балықшыларға, туристер мен спортшыларға барлық жағдайда жасақ бастығының жазбалай рұқсаты негізінде рұқсаттама бойынша күндізгі уақытта рұқсат етіледі, ал шекара аудандары тұрғындарына тек қана тіркелген өздігінен жүретін, жүрмейтін кемелермен – жасақ бастығы және оның орынбасарлары рұқсатымен болады.
Жоғарыда көрсетілген тәртіпті бұза отырып Каспий теңізінің авкаториясында балық аулау немесе серуендеу ҚР әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 390 бабы бойынша жеке тұлғаларға 5-тен 10-ға дейін, лауазымды тұлғаларға 10-нан 20-ға дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге және орын алған құқықбұзушылыққа дейін берілген теңізге шығу рұқсат қағазы шекара қызметінің әскери бөлімі тарапынан қайтып алуына толықтай құқығы бар. Сонымен қатар, құзыретті мемлекеттік органның рұқсатынсыз Каспий теңізінің акваториясында балық аулау немесе серуендеу ҚР әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 390 бабы бойынша, жеке тұлғаларға 5-тен 10-ға дейін, лауазымды тұлғаларға 10-нан 25-ке дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге және әкімшілік құқықбұзушылық жасаудың тікелей заттары болған транспорттық құралдар тәркіленеді.
Одан да басқа, шетел азаматтарының тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бұза отырып, аймақтық суларында браконьерлік іс-әрекетпен айналысу, ҚР қылмыстық Кодексінің 287, 330 баптарына сай, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, Қазақстан Республикасының азаматтары тарапынан шетел азаматтарына заңсыз әрекеттерді ұйымдастырып, жүзеге асыруда көмек көрсетілген жағдайда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 28 бабының 5 бөліміне сай жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, 2014 жылдың 16 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 356 қаулысымен, Каспий теңізінің жағалауында- жағалау жиегінен 25 шақырым шеткері аймағында шекаралық аймақ орнатылған болатын. Аталмыш шекара аймағында, ҚР ҰҚК Шекара қызметі тарапынан, өзінің шешімімен шекаралық іздеу немесе операциялар өткізу кезінде, белгілі бір аймаққа тұлғалар мен көлік құрылғыларының қозғалысын тоқтату немесе қозғалыстарын уақытша шектеу мақсатында, бақылау посттарын орнатуға толықтай құқығы бар.
Ақтау шекара жасағының басшылығы Маңғыстау облысының тұрғындарынан мемлекеттік шекара маңында және суда әртүрлі жұмыстарды жасау кезінде заңдылықты сақтауды, сонымен қатар жергілікті атқарушы билік органдардарынан, шаруашылық, кәсіптік және еңбек ұжымдарының жетекшілерінен республиканың территориялық және ішкі суларының режимін сақтауды өтінішпен сұрап отыр.