20.11.2014, 04:14

Петропавл тұрғындары қала көшелерінің қазақшалануына қарсы

Сурет, altyn-orda.kz

Қалада әлі де Ленин, Совет атындағы көшелер бар, деп хабарлайды SkifNews.kz.

 

«Жұрт көшелердің сол бұрынғысынша Ленин, Комсомол сияқты ескі атаумен қала бергенін қалайды. Ал көше аттарының өзгеретінін жақында жергілікті газеттерден оқып білген. Енді «шенеуніктер бізбен санаспады» деп шала бүлініп жатыр», – деп хабарлайды Baq.kz.

Қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Ахметов өз сайлаушыларымен жоспарлы кездесуі осылай дауға ұласады деп ойламаған. Себебі депутаттың учаскесіндегі Рижская деп аталатын көшенің аты өзгертілмекші. Оған бұрынғы партия қызметкері Тауфиқ Мұхамед-Рахымовтың аты беріледі деп шешілген. Ал бұл шешімге сол көшенің тұрғындары қарсы. Өйткені, бұл көшені өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Балтық жағалауынан тың көтеруге келген жастар салған екен. Кейін көбі осы жерде қалып қойған. Сондықтан халық көшенің тарихи атауы сол күйінде қалсын деп талап қойып отыр.

 Жалпы, Петропавл шенділері алдағы уақытта қаланың 4 көшесінің атын өзгертпекші. Яғни олар Совет, Юбилейная, Рижская және Әбу Досмұхаметов көшелеріне өңірге еңбегі сіңген жандардың есімдерін бермек.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде бес жыл бойы көше аттарын өзгертуге мораторий жарияланған болатын. Ал биыл бұл шектеу алынып тастайды. Осы жағдайды ескере отырып, қызылжарлық шенеуніктер іске кірісе бастады.