25.11.2014, 07:45

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық әлеует толық пайдаланылмай отыр – Н. Назарбаев

Сурет bnews.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен кездесті, деп хабарлайды, Skifnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«Біз сізбен келіссөздер барысында екіжақты, өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша қарым-қатынас түйткілдерін талқыладық. Өзбекстан Президентінің бүгінгі сапары күрделі жағдайда орын алып отыр. Біздің айналамыздағы және Украинадағы қақтығыстар, ислам әлемінде болып жатқан оқиғалар бізді толғандырады. Біз жалпы өңірдегі тыныштық, тұрақтылық, сауда көлемі Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының тиімділігіне байланысты екенін түсінеміз», – деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Өзбекстанның  жетекші экономикалық әріптес екенін атап өтті.  «Өзбекстан өңірдегі жетекші мемлекет қана емес, біздің Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық әріптесіміз. Әлемдік экономикадағы кері тенденцияға қарамастан, біздің елдер арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. 2012 жылғы біздің соңғы кездесуімізден кейін өткен жылы бұл көрсеткіш 2 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың тоғыз айында да тауар айналымының өсімі байқалады. Бұл біздің кездесулердің нәтижесі деп білемін», – деді Елбасы Сонымен қатар, Елбасы екі  ел арасындағы экономикалық әлеует толық пайдаланылмай отырғандығын айта кетті.  «Тауар номенклатурасы үлкен емес. Сондықтан үкіметаралық комиссия осы бағытта жұмыс жасауы қажет. Бұл екі мемлекет үшін де тиімді», – деді Елбасы.