25.11.2014, 08:50

Елімізде халал өнімдері бір жүйеге келтірілетін болады

Сурет, alashainasy.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімі ашылды, деп хабарлайды 24kz телеарнасы.

Бұл туралы Алматыда өткен «Халалмен қанаттан» атты ғылыми конференцияда мәлім болды. Бүгінгі таңда «адал» сөзін жарнаманың құралына айналдырып, табыс тауып жүргендер аз емес. Тіпті «халал» деген кейбір шұжықтардың өзінен шошқа майы мен еті табылып отыр. Тіпті халал монша мен халал техникалық жөндеу орындары да ашылғаны жасырын емес. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының айтуынша, осы жағдайларды ескере келе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы стандарттау бөлімін ашуға бір жарым жыл дайындық жүргізген.

«Бүгінгі таңда халал стандарттау кәсіпке айналып кеткен сияқты. Егер бұл кәсіпке айналатын болса, бүгінгі халал нәрсенің ішіне арам нәрсе де араласады. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда халал өнімдері бір жүйеге келтірілмеген. Жүйе жоқ. Жапа тармағай әркім қолынан келген нәрсенің барлығын жасап жатыр. Міне, біз осы мәселені қойсақ. Халалдың мәртебесін көтерсек деген мақсатты алдымызға қойып отырмыз», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы.