27.11.2014, 11:16

Қазақ күйі мен киіз үйі ЮНЕСКО тізіміне енді

Сурет, obozrenie.kz

ЮНЕСКО қазақ өнеріне жоғары баға берді, деп хабарлайды SkifNews.kz.

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы - ЮНЕСКО қазақтың домбырамен күй тарту өнерін, қазақ және қырғыз халықтарының киіз үй дайындау өнерін бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне енгізді, деп хабарлайды «Азаттық Радиосы».

ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының мәдениет жөніндегі маманы Юрий Пешковтың хабарлауынша, бұл шешім ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде қарашаның 26-сы күні өткен жиында қабылданған.

«Бұл − Қазақстан тарапынан жасалған және мақұлданған бірінші номинация. Негізі ол жақта кәдімгідей қатаң іріктеу болады», − деді Юрий Пешков

ЮНЕСКО сайтында домбырада күй тарту өнерін жиын-той не мейрам кезінде орындалатын, адамдарды тарихи тамырымен және дәстүрімен байланыстыратын маңызды әлеуметтік және мәдени мұра ретінде сипаттаған.

Ал қазақ пен қырғыздың киіз үй жасау білімі мен машығы − жалпыадамзаттық құндылықтарға, әріптестікке, шығармашылыққа септесетін өнер ретінде, киіз үй − отбасы мен қонақжайлықтықтың нышаны ретінде сипаттаған.