06.04.2017, 03:15

Астраханьда полицейлерді өлтіргендер Росгвардия сарбаздарына шабуыл жасады

6 сәуірге қараған түні Ресейдің Астрахань қаласында полицейлерді атып өлтірді деген күдіктілер Росгвардияның сарбаздарына қарулы шабуыл жасады. Салдарынан әскери 3 қызметкер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Бірі ауыр халде деп хабарлайды kommersant.ru.

Атыс кезінде сарбаздар қаскөйлердің бірін атып өлтірген. Ол бұған дейін іздеуде болған Рамзан Кукулаев болып шықты. Сондай-ақ, басты күдікті қазақ Нұрбол Саспановты да атып жаралапты. Қазір күдіктілерді іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

"Шұғыл іздеу жұмыстары барысында Ленин ауданы Латышев көшесінде 4 сәуір күні полицейлерді өлтірді деген күдіктілер анықталды. Қарулы қақтығыс барысында құқық қорғау органдарының үш қызметкері жараланды. Шабуылдаушылардың бірі оққа ұшып қаза тапты", - делінген Ресей Тергеу комитетінің таратқан хабарламасында.

Қалған күдіктілер Росгвардия сарбаздарының қару-жарағын тартып алып, қашып кеткен. Араларында басты күдікті Нұрбол Саспанов та бар.

Еске салайық, 4 сәуір күні Астраханьда суық қаруланған бірнеше адам полицияның екі қызметкерін атып өлтірген болатын. Артынша бұл іске ұлты қазақ Қазақстан тумаларының қатысы бар екені айтылып, 8 адамға іздеу жарияланды.