Қостанайда бұрынғы бас дәрігерді өлтірді делінген Руслан Гафаров ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, 2017 жылдың 17 сәуірінде Қостанай облыстық ІІД өкілдері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында осыған дейін іздеуде жүрген Руслан Гафаров ұсталды.
"Қылмыс жасады делінген күдікті Қостанай қаласындағы пәтерлердің бірінен табылды. Ол қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІД өкілдері.
Еске салайық, Қостанайдағы облыстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаева 20 ақпанда өз пәтерінен өлі табылған болатын. Оған 30 жерден пышақ салғаны хабарланған болатын.