Сәуір айының басында Санкт-Петербург қаласында орын алған терактіні лаңкестік ұйымдардың Түркиядағы өкілдері қаржыландырған. Бұл туралы кеше Мәскеудегі Басман сотының судьясы Елена Ленская аталған істің оныншы күдіктісі Акрам Азимовты қамауға алғаннан кейін мәлімдеді.
"Тергеу материалдарына сәйкес, Акрам Азимов Түркияда болып, терактіге қажетті қаражатты өз қолымен алған. Ол қылмыстық топ өкілдеріне жалған құжат әзірлеп, олардың шекарадан қиындықсыз өтуіне жағдай жасаған", - дейді судья. Оның айтуынша, бұған дейін ұсталған Аброр Азимов ақшаны алып, өзін жарып жіберген Акборжон Жалиловке апарып берген көрінеді.
Айта кетейік, Басман соты кеше Акрам Азимовты 3 маусымға дейін қамауға алуға шешім шығарған болатын. Күдіктінің өзі болса өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындаған жоқ. Тергеушілердің айтуынша, терактіні ұйымдастырушылар Ресейдің өзге қалаларында әлі де болса іздестіріліп жатыр.
Еске салайық, Санкт-Петербург метросындағы жарылыс 3 сәуір күні орын алған болатын. Салдарынан 14 адам қаза тауып, 50-ден астамы жараланды. Көз жұмғандардың арасында қазақстандық студент те бар.