Ер есімі – ел есінде. Мамыр айындағы ең елеулі мейрамдардың бірі – Отан қорғаушылар күні. Айтулы күнге орай, Қапшағай қаласының қарияларына құрмет көрсетілді. Шараға тыл, Ауған соғысы және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен құралған 72 қарияға шақырылған.
Ардагерлердің құрметіне берілген асқа Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков қатысты. Шаһар басшысы өз сөзінде ардагерлерді тек мейрам күндері емес, үнемі естен шығармай, елеп-ескеріп тұру керек екенін баса айтты.
«Біздің қазынамыз - қариялар. Ардагерлеріміздің тың тыныштығы үшін қан майданда соғысқаны ұлы ерлік болса, арамызға аман-есен оралғаны тағы бір намыс қайрайтын ерлік. Осы орайда тағы бір алғысты тыл майданында терін төгіп, алақаны күс болған қарияларымызды да атап өтпеске болмас. Алғыс! Басымызды иеміз» - деп, түйіндеді. Ардагерлер тек дәмнен ауыз тиіп ғана қойған жоқ, жергілікті өнерпаздар мен мектеп оқушыларырының дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Қала әкімінің сый-құрметіне бала көңілді қариялар дән риза. Қапшағай қаласы маңында тұратын Александр Максимов ұйымдастырушыларға өз алғысын білдіріп жатыр.
«Біз кезінде осындай бейбіт күнді армандаған адамдармыз. Шүкір, көрер қызық бар екен. Бейбітшілік таңында, ұрпағымыздың өнерін қызықтап отырмыз. Бұл да бір бақыт!» - деп ағынан жарылды тыл ардагері.
Д.Жұмақұлова