Елорданың орталық көшелерінде, саябақтарда, гүлзарлар мен бульварларда гүлдер егу жұмыстары басталады. Биыл қала көшелерінде жалпы аумағы 158 057 шаршы метрді құрайтын біржылдық гүлдердің 20 түрі және көпжылдық гүлдердің 15 түрі отырғызылады деп хабарлайды «Астана-Зеленстрой» АҚ.
Кәсіпорынның мәліметінше, Астанада раушан гүлінің 8 сұрпы, декоротивті гүл бұталары мен аршалардың 10 түрі егіледі. Сонымен қатар осы жылы 45 мың көшет тамырын тереңге жаймақ (кәдімгі қарағай, татар үйеңкісі, пирамидалы терек, жалпақ жапырақты шегіршін), ЭКСПО-2017 логотипімен шағын архитектуралық пішіндер қойылады. Сондай-ақ, француз сұрпын пайдалану арқылы раушан гүлзары жасалады.
Қабанбай батыр даңғылы бойында Uellcome to Astana декоративті жасыл пішін орнатылады. «Есіл» ауданында «Торсық», «Қобыз», «Куб», «Биші қыздар», «Шәй сервизі», «Велошабандоз», «Домбыра» және «Астана жүрегі» жазуы орнатылады. Мәңгілік ел және Тұран даңғылдарында, Қорғалжың шоссесіне 1100 дана қыш кұмыралары ілінеді. «Доп пен бутсы» және «Қобыз» пішіндері «Сарыарқа» тұрғындары мен қала қонақтарының көз қуанышына айналмақ. «Әтеш», «Бояулар мен қылқалам» және «Қалпақтар» Алматы ауданының көркін ашпақ.
Атап өтейік, елорданы көгалдандыру жұмыстары Астана қаласының құрылысы Бас жобасы және Астана қаласын 2007-2030 жылдары көгалдандыру негізінде қабылданған Тұжырымдамасы бойынша жүргізілуде.