23.05.2017, 11:40

Тәжікстан халқының жартысына жуығы таза суға жарымай отыр

Тәжікстан халқының жартысы (шамамен 43 пайызы) ауыз суға зәру деп хабарлайды «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Тагаймурод Исломзода.

Оның сөздерінше, қазіргі уақытта Орталық Азия аймағының су қоры Тәжікстанда болса да, халықтың тек 57,6 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған.

Исломзода елді толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кемінде екі миллиард доллар қаражат керек дейді. Оның сөздерінше, әзірге тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Себебі су қоймалары құрылысын салу керек, оған бюджеттен ақша жоқ.

Тагоймурод Исломзода халықаралық ұйымдарды бұл мәселені шешуге шақырады. Тек ғана шетелдік инвесторлар мен донорлардың көмегімен 1 миллион 200 мың доллар бөлініп, Исфара, Канибадам, Гулистон, Бустон, Хорог және Истиклол қалаларын сумен қамтыдық дейді ол.

БҰҰ мәліметінше, бүгінде жер бетінің 1 млрд тұрғынына таза ауыз су жетіспейді.

Дереккөз: centralasian.org