Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Маңғыстау облысы филиалының ұйымдастыруымен Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының премьер-лига бойынша финалдық ойыны өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ақтық мәреге «Әдебиет маусымында» өнерін көрсеткен додада озған 6 топ бақ сынасты. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласы «Жас Ұлан» командасы, Жаңаөзен қаласы «Аль-Тайр» еркін құрамасы, Мұнайлы ауданы «Атамекен» тобы, Мұнайлы ауданы «Басқұдық» құрамасы, Түпқараған ауданы «Ақш.кз» құрамасы, Ақтау қаласы №5 орта мектептен «Бәрекелді» құрамасы қатысып, әсерлі ойын, әдемі әзілді көрсетті. Үздіктер ойыны «Әдебиет – асыл қазына» атты сәлемдесу, «Жамбы ату» кезеңі, «Менің сүйікті шығармам» атты үй тапсырмасы, «Әдебиет таңғажайып әлем» атты жалпы тақырыптағы ойын көрсетуден құралып, көрермендерге көңілді күлкі кешін сыйлады. Мәдениет, әдебиет, саясат турасындағы әзіл-сықақ сахна төрінен орын алып, көпшілікті жарқын күлкіге кенелтіп, шаттыққа бөледі. Белсенді ойын, орынды әзіл көрсеткен Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының премьер-лига чемпиондық жүлдесін Мұнайлы ауданынан «Атамекен» құрамасының өнер қырандары иемденді. Екінші орынды Жаңаөзен қаласының «Аль-Тайр» еркін құрамасы, ал үшінші орынды Ақтау қаласы №5 орта мектептің «Бәрекелді» тобы қоржынына салды. Ал Жаңаөзен қаласы «Жас Ұлан» құрамасы, Мұнайлы ауданы «Басқұдық құрамасы», Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылынан «Ақш.кз» құрамасы Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының финалистері атанып, бағалы сыйлықтар, дипломдар мен алғыс хаттарға ие болды.