03.06.2017, 09:53

Астанада «Ритц-Карлтон» қонақ үйі ашылды

Елбасы Астанада бес жұлдызды алғашқы халықаралық премиум-класты қонақ үйдің ашылу рәсіміне қатысты деп жазады Ақорданың ресми сайты. Қонақ үй Talan Towers көпфункционалды кешенінің ғимаратында орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев астаналықтарды, инвесторларды және құрылысқа қатысқан барлық азаматтарды қонақ үйдің ашылуымен құттықтады.

– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарына тағы бір сыйлық жасалды. Бұл  –  әлемдік деңгейдегі «Ритц-Карлтон» қонақ үйі. Оның құрылысына сапалы технологиялар мен стандарттар қолданылып, қысқа мерзім ішінде бой көтерді. Бұл – қала инфрақұрылымына салынған зор инвестиция, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Астананың жоғары деңгейлі қонақ үй кешеніне ие болғанын атап өтті. 

– Қонақ үй құрылысына Қазақстанның компаниялары қатысты. Жаңа ғимаратта ең жоғары дейгейдегі іс-шараларды өткізіп, жоғары мәртебелі меймандарды қабылдауға қажетті барлық инфрақұрылым бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Сондай-ақ, Елбасы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.  

***

Астананың сол жағалауындағы Talan Towers кешенінің жалпы алаңы – 120 мың шаршы метр. Онда Talan Towers Offices, «Ритц-Карлтон» қонақ үйі, SPA орталығы, бизнес орталығы және «Emporium» сауда галереясы орналасқан.