05.06.2017, 01:50

«Ислам мемлекеті» Лондондағы терактіні өз мойнына алды

«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы 4 маусым күні Лондонда болған лаңкестік оқиғаны өз мойнына алды деп хабарлайды Reuters лаңкестердің ақпарат таратушыларына сілтеме жасап.

Еске салайық, сенбі күні кешке үш лаңкес мінген көлік Лондон көпірінің үстінде жаяу жүргіншілерді қағып өтіп, Боро базарына дейін барған болатын. Мұнан кейін пышақпен қаруланған содырлар базардағы адамдарға шабуыл жасаған. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 48-і жараланды. Лаңкестердің үшеуін де полиция сол маңда атып өлтірді.

Осы оқиға болардан алдын «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының басшылары видеоүндеу арқылы өз жақтастарын өздері тұратын елдерінде лаңкестік жасауға шақырған болатын. Олар терактіні көлікпен, пышақпен және өзге де қарулармен жасау керектігін айтып, Рамазан айында "сауап жинауға" үгіттеген.