Шымкенттің дендросаябағына егілген қырым қарағайлары қурап қалды. Бүгінде 380 түп ағаш жарамсыз. Олардың бәрі ОҚО-ға Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген болатын деп мәлімдеді "Астана" телеарнасы.
Саябақ қызметкерлері жас ағаштарды үнемі суғарып келгендерін айтып отыр. Мамандар болса қурауға өңірдегі аптап ыстық себеп болуы мүмкін деп болжауда. Бірақ, Қырғызстаннан жеткізілген қарағайлар климатқа тез бейімделіп, жайқалып өсе бастаған.
Айта кетейік, соңғы екі жылда Шымкент дендрарий саябағына мың түпке жуық қырым қарағайлары отырғызылды. Оның барлығына бюджеттен 6,5 миллион теңге жұмсалған.
"Бұл қаражат желге ұшқан жоқ. Тендерді ұтып алып, көшеттерді жеткізген компания кепілдік хатын жазған. Қыркүйек айында біз сол компания өкілдерімен қурап қалған ағаштарды санап шығамыз. Мұнан кейін олар жаңа көшеттер әкеліп отырғызады. Келісімшартқа сәйкес, қураған көшеттердің орнына жас көшеттер отырғызылуы тиіс", – дейді дендрарий саябағының ғылыми қызметкері Үсен Мамырбеков.
Қазіргі саябақ қызметкерлері қурамаған өзге қарағайларды құтқару үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауда. Бірақ, олардың да қурап кету қаупі басым. Ағаштар климатқа бейімделе алмай жатыр. Өйткені, оңтүстік өңірде қазір аптап ыстық. Синоптиктер ауа температурасы 45 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін екенін болжауда.