26.06.2017, 11:33

Атырау облысында жылқылар жаппай қырылып жатыр

Атырау облысында жылқылар маңқа ауруынан қырылып жатыр. Бүгінге дейін 96 бас жылқы өлген деп жазады "Мой Город". Ветеринар-дәрігерлерінің айтуынша, індет Айбас ауылында пайда болған. Қырылған малдардың барлығы да осы ауыл тұрғындарына тиесілі.

"Облыстық ветеринарлық сараптаманың хаттамасына сәйкес, жылқылар маңқа ауруын жұқтырған. Бүгінгі таңда 234 бас жылқы ауырған, олардың 96-сы өлсе, 138-і мал дәрігерлерінің қарауында", – дейді өңірлік коммуникациялар қызметіндегілер.

Бүгінгі таңда ветеринарлар ауру жұқтырған жылқыларды оқшаулап, емдеуге кірісіп кетті. Тұщықұдық ауылдық округінде арнайы комиссия құрылып, індеттің шығу себебін анықтап жатыр. Жергілікті билік өкілдері болса жағдайдың бақылауда екенін айтты.

Маңқа ауруы жылқыларға тән кесел. Ол малдың қаны арқылы тез тарайды. Ол бір малдан екіншісіне жем-шөп арқылы, су арқылы, қораның қабырғасы мен астау арқылы жұға береді.