Гулмурод Халимовтың қызымен түскен селфиі оның екінші әйелі мен балаларының Сирияға кеткенін дәлелдейді. Былтыр көктемде Халимовтың екінші әйелі Хумайро Мирова төрт баласымен Тәжікстаннан қашып кеткен болатын.
Гулмурод Халимовтың жаңа суреттері Азаттықтың тәжік қызметінде 31 шілдеде пайда болды. Оның біреуінде қуғындағы полковник "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобының содырларына тән шаштары мен сақалын ұзын етіп өсіргені байқалады. Екінші сурет - екінші әйелінен туған қызымен бірге түскен селфи. Бұл суреттерге қайда, қай жерде түскені белгісіз.
Хумайро Мированың бауыры Шохназар Миров бұл суреттерді көріп, әпкесінің балаларымен Сирияға кетіп қалғанына көз жеткізген. Былтыр ақпан айында жергілікті БАҚ Кеден қызметінің бұрынғы баспасөз хатшысы Хумайро Мирова төрт баласымен Сирияға, күйеуіне қашып кетті деп жазды. Бірақ оның туғандары өз еркімен елді тастап кеткеніне сенбеген.
Туғандары Хумайро мен балаларының тағдырынан бейхабар болып келгенін айтады.
Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылдың сәуір айында із-түссіз жоғалып кетті. Мамыр айының соңында өзінің Сирияға кетіп қалғанын мәлімдеді. Ол өзінің бейнетаспа арқылы жариялаған мәлімдемесінде, "Тәжікстан билігі менің діни бостандығымды шектеді" деген. Тәжікстан билігі болса, Халимовке отанын сатты деген айып тақты.