02.08.2017, 09:35

Гүлнара Каримованың ұлы өзбек билігінің былығын ашуға уәде берді

Гүлнара Каримованың ұлы Ислам қазіргі Өзбекстан билігі мүшелерінің былығын ашатын деректерді жариялауға уәде берді. Бұл туралы ол BBC Russian тілшілерімен болған сұхбатта айтты.

«Мен дәл қазір ешкімнің атын атап, түсін түстемеймін. Бірақ, біз әрбір министр мен өзге де шенеуніктерге, құқық қорғау органдары өкілдеріне қатысты құжаттар жиынын жариялауға дайындалып жатырмыз. Олардың әрбірінің дәулеті 2 млрд доллардан асып түседі, кемі 3-4 миллиардтан жинап тастаған. Бірақ, бұл туралы ешкім білмейді», — деді кіші Ислам Каримов.

Ол сондай-ақ, өзінің анасының үстінен қозғалған қылмыстық істің жала екенін де айтып отыр.

«Оның үстінен жазылған арыздардың бәрі алдын ала ұйымдастырылып, қолдан жасалған. Анамның қылмысын дәлелдейтін бірде-бір куәгер, қол қойылған құжат, аудио немесе видеоматериалдар жоқ. Істі 3-4 жыл бойы ұлттық қауіпсіздік қызметімен қамауда болған адамдардың айтуы бойынша қозғап отыр. Оларды қорқытып тастаған», — деді Каримов.

Ол сондай-ақ, журналистерге Өзбекстан сотының Гүлнара Каримованы 2017 жылдың 3 шілдесінен бастап қамауға алу туралы шешімін көрсетті. Алайда, құжатта экс-президент қызының қайда қамауда екені көрсетілмеген.

Еске салайық, 28 шілде күні Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Краримованың үстінен бірнеше дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның өзі қамауда екенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, құзырлы орган Гүлнараның 2015 жылы 5 жылға сотталып, содан бері түрмеде жатқанын да айтты. Оған құжаттарды қолдан жасады, қылмыстық жолмен ақша тапты, шетел валютасын заңсыз сақтады, алаяқтық жасады деген айыптар тағылуда.