Жоғарғы сотта ҚР Судьялар одағымен бірлесіп ұйымдастырған 2014 жылғы облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың арасындағы үздіктерге арналған республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚР Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – соттар қызметін ұйымдастыру деңгейін, сотты әділ жүргізу сапасын арттыру, электрондық сот өндірісін енгізу, төрешілдікті жою, жұртшылықпен байланысты нығайту, республика соттарының оң тәжірибесін анықтау және қолдану.
Аудандық соттар арасындағы байқау нәтижесі бойынша Ақтау қалалық соты 3 орынды иеленді және Қазақстан Республикасының үздік соттарының үштігіне кірді.
«Жыл ішінде республика соттары өз жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдады. Соттардың байқау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен ұжымға алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс оларға үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді марапаттау рәсімінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми.
Байқауда жеңімпаз атанған сот ұжымдары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.