10.08.2017, 05:48

Алматы іргесінде тағы бір шағын ұшақ құлап, 2 адам қайтыс болды

Бүгін сағат 09:53-те оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау мақсатында әуеге көтерілген "Текнам 2002" ұшағы "Азем" аэродромынан 2 шақырым қашықтықта құлады деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

Апат салдарынан ұшақта болған екі адам да қайтыс болған. Олардың бірі - үйретуші пилот, екіншісі - курсант.

Құлаған ұшақ Азаматтық авиацияның академиясына тиесілі болған. "Азем" аэродромы Алматыдан 43 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Көліктегі апаттарды тергеу департаменті істің мән-жайын анықтауға кірісіп кетті.

Еске салайық, шілде айында Алматы іргесінде егістік даласын дәрілеу үшін әуеге көтерілген жекеменшік шағын ұшақ апатқа ұшырап, ол кезде де екі адам қайтыс болған еді.