06.01.2015, 10:46

«Альянс Банк» АҚ атауын өзгертті

Сурет, kapital.kz

Альянс Банк акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында «Альянс Банк» АҚ «ForteBank» АҚ болып өзгертілетіндігі туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Альянс Банк акционерлері жиналысының дауыс беру қорытындысы туралы құжатында жария етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«ForteBank пен Темiрбанктің Альянс Банкке бірігуі түрінде жүргізілетін қайта ұйымдастыру аясында, барлық мүліктерді, құқықтар мен міндеттемелерді ForteBank пен Темiрбанктен Альянс Банкке өткізіп беру актісін бекіту туралы шешім қабылданды», − делінген Альянс Банктің акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының дауыс беру қорытындысы туралы баспасөз мәлімдемесінде. 

Сонымен қатар, Альянс Банк акционерлерінің жалпы жиналысында директорлар Кеңесінің жаңа құрамы бектілді. Енді директорлар Кеңесінің жаңа құрамы алты адамнан тұратын болды. Олардың өкілеттік мерзімі 2018 жылдың 31 қаңтарына дейін бекітілді.  

«Банк акционері Болат  Өтемұратовтың мүддесінің өкілдері ретінде Серік Аманжолұлы Святов пен Әнуар Болатұлы Өтемұратовты Банктің директорлар Кеңесінің мүшелері етіп сайлау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Банктің директорлар Кеңесінің мүшелігіне банктің тәуелсіз директорлары Рүстем Сәбитұлы Бектұров пен Азамат Мырзаданұлы Жолдасбековты және Банктің Басқарма төрағасы Тимур Ризабекұлы Исатаевты сайлау туралы шешім қабылданды», – делінген құжатта.

Естеріңізге сала кетейік, Темiрбанк, Альянс Банк және ForteВank-тің бірігетіндігі туралы өткен жылы жария етілген. Альянс Банктің басқарма төрағасы Тимур Исатаев үш банктің заңдық тұрғыда бірігуі 2014 жылдың соңына дейін жүзеге асатындығын мәлімдеген болатын.