23.08.2017, 12:11

ШҚО-да кішкентай бала өртеніп кете жаздады

Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында үйінде ойыншықтарын өртеген алты жасар бала өмірімен қоштаса жаздады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті. Оқыс оқиға Зырян қаласындағы Ғарышкерлер көшесіндегі үйлердің бірінде тіркелген. Кездейсоқ өтіп бара жатқан куәгерлер бірінші қабатттан баланың көмекке шақырып жатқанын көріп қалған. Үйдің ішінен көк түтін шығып, бала терезеден шыға алмай арпалысқан. Куәгерлер бірден өрт сөндірушілерді шақырған.

«Анықталғанындай, кішкентай бала сіріңкемен ойнап, байқамай ойыншықтарын өртеген. Тілсіз жау осы осыдан туындаған. Әке-шешесі дәл осы кезде үйінде жоқ болған. Жарты шаршы метр аумақ өртенгенімен, түтін бүкіл үйді алып кеткен. Өрт сөндірушілер есікті бұзып кіріп, баланы алып шықты. Оны дәрігерлерге тапсырды. Баланың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ», - дейді ведомствоның баспасөз қызметінен.