Самарқанд облысында "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен байланысы бар деген күдікпен Ресейдің Белгород қаласында жұмыс істеп келген ондаған азамат ұсталды деп жазады Азаттық тілшілері. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің хабарлауынша, елу шақты адам 14 тамызда жолдастарының куәлік етуі бойынша ұсталған.
Ресейден оралған өзбекстандықтар "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына материалдық тұрғыдан көмектесіп отырған деп күдіктелінеді.
– Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр, – деді Самарқандағы құқық қорғау органдарының қызметкері.
Алайда ұсталғандардың туыстары олардың діни-экстремистік ұйымдарға ешқандай қатысы жоқтығын айтады.
– Ұсталған азаматтардың ішінде менің туысым бар. Оларды "Ислам мемлекеті" ұйымымен байланысы бар деп айыптап жатыр. Бірақ олар діндар емес. Бар болғаны Белгородта құрылыста жұмыс істеген, – дейді Ургут ауданының тұрғыны.
Соңғы жылдары Өзбекстанда шетелде еңбек мигранты болып жұмыс істеп, елдеріне оралған азаматтар күдікке ілініп жатыр. Олардың дені түрлі айыптармен қамауға алынған. Өзбекстанның тәуелсіз құқық қорғаушылар ұйымы былтыр қазан-қараша айларында жүздеген адамның ұсталғанын айтады.