Іле ауданының Байсерке кенті аумағында жасырын ойынхана жұмыс жасап келген, деп хабарлайды Skifnews.kz облыстық ІІД-не сілтеме жасап.
Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, заңсыз ойын-сауық орыны облыстық қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлерінің күш-жігерімен анықталды, жедел шаралардың барысында 36 жастағы ойынхана иесі мен онда кассир-оператор болып жұмыс жасайтын 30 жастағы әйел ұсталды.
Ойынхананы анықтау жөнінде жүргізілген операция барысында тәртіп сақшылары 17 ойын автоматтарын, «орыс рулеткасын» және басқа да құралдарды тәркіледі.
Сонымен бірге заңсыз ойын-сауық орнының кассасынан 100 мың теңгеге жуық ақша табылып, тәркіленді.
Қазіргі кезде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша жиналған материалдар Іле аудандық ІІБ-інде тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталған адамдарға қатысты «ешқайда кетпеу туралы» қолхат алынды. Тергеу ісі Алматы облысы ІІД-нің бақылауына алынды.