$ 448.15  483.46  4.86

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Әскери кеңесі болып өтті

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери кеңесі болып өтті. Оған ҚР ҰҚК Төрағасы Нұртай Әбіқаев қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери кеңес барысында «Семей» шекаралық жеке бақылау әскери бөліміне жауынгерлік ту тапсырылды.

Әскери кеңеске төрағалық еткен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары  ̶  Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы полковник Дархан Ділманов әскери кеңес мүшелерін күн тәртібімен таныстыра келе, былтырғы жылы қол жеткізген негізгі табыстарға тоқталды.

Әскери кеңес мүшелері 2014 жылғы әскери-жауынгерлік қызметтегі табыстар, материалдық-техникалық қамтамсыз етілу барысы және әскери тәртіп мәселесіне кеңінен тоқталды.

Атап айтқанда, былтырғы жылы шекарашылар қызметінде контрабанданы анықтау, есірткіні ұстау деректерінің жиілегендігі айтылды. Өткен жыл ішінде 24 000 астам құқықбұзушылық анықталыпты. Жүктерін контрабандалық жолмен өткізуге тырысқан 673 дерек тіркеліпті. Ал тәркіленген жүктердің салмағы 2 000 тоннаны құрайды. 1,5 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленген, оның 96,8 килосы «героин».

Каспий теңізінде арнайы сауықтыру іс-шаралары өткізіліп, оның барысында 144 жүзу құралдары, 4 000 дана бекіре балығы, 1 000 дана бекіре тұқымдас балықтар, 200 шақырымға жуық қармақты құралдар, 280 шақырым ау құралдары тәркіленген.

Аталған заң бұзушылықтар бойынша 190 қылмыстық іс қозғалыпты, сол бойынша 10394 азамат айыппұл жазасына кесілген. Жалпы салынған айыппұлдың сомасы 168 млн. 888 мың теңгені құрайды.

Шекара қызметін қару-жарақ, техника құралдары және басқа да арнаулы құралдармен жабдықтау ісі жалғастырылды.

Оның ішінде «Ан-74Т-200А» ұшағы, «Ми-171Ш» деп аталатын 2 бірдей көліктік әскери тікұшақ сатып алынған. 9 әуе кемесі заман талабына сай жөнделіп, жаңғыртылды. Осының нәтижесінде, түнгі көру құралдары арқылы түнгі барлау жұмыстарына шығуға мүмкіндік ашылды. Авиацияның тасымалдау қуаты да артты.

Каспийдегі теңіз шекарасын күзету ісіне «Айбар» жобасы бойынша жасалған кеме пайдалануға берілгендігін ерекше атап өткен жөн.

Шекарашылардың автопарк қызметі де айтарлықтай жаңартылды.  477 дана автомобиль мен инженерлік-жол техникалары сатып алынды.  

Медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту мақсатында былтырғы жылы рентгенологиялық және стоматологиялық кешендер алынды.

«Өткен жыл геосаяси және әлемдік экономика саласында өзгерістерге толы болды. Жаңадан қауіп-қатер аймақтары пайда болды. Террористік және экстремистік ұйымдар тарапынан қауіп-қатер көбейді. Аталған қауіп-қатерлерге тойтарыс беру қажеттігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол  ̶  болашаққа бастар жол» атты Жолдауында нақты айтылған. Елбасының тапсырмасын орындау үшін барлық күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан атқаратын міндеттері де ортақ, ол  ̶  еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау жолында барлықтарыңызға табыс тілеймін»,  ̶  деп атап өтті өз сөзінде ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев.

Кеңес барысында үздік шекара отрядтары, үздік заставалар және үздік шекарашылар анықталып, марапатталды. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары