$ 494.87  520.65  4.91

Сарыағаш қарумен қаншалықты жабдықталған?

Соңғы күндері Сарыағашта болып жатқан оқиға көп қазақты сары уайымға салып қойды.  Десек те, болар іс болды. Қынжылтатыны, ел арасында тараған ақпаратқа орай бұл мәселенің ұлтаралық сипатқа ие болып кеткені. Әдетте, жаппай тәртіпсіздіктер орын алғанда немесе халық көп жиналып, қақтығысқа түскенде адам санасын «тобыр психологиясы» басып кететіні ақиқат, яғни жауапкершілікті өз мағынасында сезіне алмау, жауаптылықтан құтылып кетудің үмітінің басым болуы. Мұндайда арам пиғылды топтардың пайдаланып кетуі, ұлтаралық араздықты қоздырып жіберуі әбден ықтимал.

Мұндай жағдайлар жер де, күй де таңдамайды, сол себепті мемлекеттің осы сипатты оқиғаларға тас-түйін дайын болғаны абзал. Әйтпесе, ҚР ІІМ ешкімге түсініксіз «Гонг» операциясымен елді дүр сілкіндіргені есіңізде болар. Сарыағаш – қиырда жатқан аудан. Сол шет ауданда заңда көрсетілген, біздің құқық қорғау органдары онсыз да көп пайдалана қоймайтын тәртіпсіздіктерді ажырату құралдары бар ма? ІІМ аудан-аудандағы бөлімшелері осындай құралдармен қаншалықты жабдықталған? Біздің айтып тұрғанымыз, табедбдік қару, не қалқан емес, адамдарды қарусыз, ұрмай-соқпай, мертіктірмей ажыратуға арналған құралдар.

ҚР 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңына сәйкес  «атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, ... оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады» (59-бап).

Ол қандай құралдар? ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 30 қазандағы «Қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді тоқтату, оларды жасаған адамдарды ұстау және ішкі істер органдарына жеткізу мақсатында ішкі істер органдарының қызметкерлері қолданатын арнайы және көлік құралдарының тізбесін бекіту туралы» қаулысында арнайы құралдарға мыналар жатқызылған болатын: 1. Резина таяқтар. 2. Қол кісендер.  3. Көзден жас ағызатын заттар - гранаталар, патрондар, аэрозольды баллондар («Черемуха», «Сирень», «Волна» және т.б.), аэрозольды кешен  («Жасмин» және т.б.). 4. Жарық-дыбыс құрылғылары («Заря», «Пламя» және т.б.). 5. Түтін шығаратын құрылғылар - түтіндеткіш қол гранаталары  («Факел» және т.б.), бейтарап түтінді шашкалар. 6. Көліктерді мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құралдар («ЕЖ» және  т.б.). 7. Механикалық әрекеттерден қорғануға арналған бұйымдар - каскалар,  қорғанудың 1-4 деңгейіндегі қорғану жилеттері, барлық түрлендірудегі  соққыға қарсы қалқандар. Бұл жердегі алғашқы екеуін және оңғы екеуін жақсы білесіз, ал қалғанын біздің тәжірибеден кездестіре бермейсіз.

Осы қаулыда да, аталған заңда да оларды қолдану шарттары жеке-жеке арнайы реттелмеген. Жоғарыда көрсетілген заңның 60-бабында жалпылама арнаулы құралдарды кімдерге, не үшін қолданылатыны бар, ал келесі бапта қарулы шабуыл жасаған, не адамдарды кепілге алған т.б. жағдайларды қоспағанда  әйелдерге, мүгедектерге және  кәмелетке толмағандарға қатысты қолданылмайтыны баяндалады.

Десек те, қару қолдану ең соңғы, амалдың жоқтығынан қолданылатын шара. Осылай болса да, біз неге ақпарат құралдары арқылы қандай да бір тәртіпсіздіктерді ажыратқанда көзден жас ағызатын заттарды - гранаталарды, патрондарды, аэрозольды баллондарды немесе немесе түтін шығаратын құрылғыларды  қолданды дегенді естімейміз? Есесіне,  қару қолдану тәжірибесінен жұрттың бәрі хабардар.

Кімдер кінәлі екендігі, кімнің қаншалықты кінәлі екендігі кейінгі күннің шаруасы, ал дәл ашынған ашулы топтар бетпе-бет келіп тұрғанда, адам шығынын, әсіресе жазықсыз жандардың өлімі мен майып болуынан сақтандыру құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің міндеті.

Жоғарыда аталып өткен заңның 14-бабына сай қызметкер заңды түрде қару қолданғанда, жауапқа тартылмайды. Заң жүзінде бәрі жақсы болғанмен, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде кімнің дұрыс, кімнің бұрыс істегенін түсінбей қалған жоқпыз ба? Ресми дерек бойынша айдың күннің аманында 16 адам көз жұмбап па еді?!! Салыстырып қарасақ, Лондонда 2011 жылы тамызда болған бірнеше күнге созылып, үлкен экономикалық шығын әкелген жаппай тәртіпсіздіктен 100 шақты адам жараланып, 1 адам қаза болады; Албанияда 2011 жылы жаппай тәртіпсіздіктен 55 адам жараланып, 3 адам қаза болды; сол жылы қыркүйекте Гамбургтегі жаппай тәртіпсіздіктен 15 адам жарақат алады, қайтыс болғандар жоқ. Ал бізде 16 адам қайтыс болады. Аталған қалалардың кейбірі Жаңаөзеннен он есе, кейбірі жүз есе үлкен. Сөйте тұра біздегі адам шығынының көптігі бізге түсініксіз болып қалды.

Мұндай жағдайлардың бірнеше себебі болуы мүмкін:

1)    ІІМ бөлімшелерінің арнайы құралдармен толықтай жабдықталмауы;

2)    Қызметкерлердің моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болмауы;

3)    Қызметкерлердің құқықтық тұрғыдан сауатының жеткілікті деңгейде болмауы (әйтпесе, заңсыз бұйрықты орындау қылмыс екенін білуге тиісті).

Әлбетте, мысық тілеумен отырған жоқпыз. Мұндай қақтығыстардан құдай сақтасын дейміз, әрине, бірақ алда-жалда бола қалған күннің өзінде ажыратуға барған сарбаз абдырап, автомат пен тапаншаға емес, адам шығынының алдын алатын  арнайы құралдарға жүгінгені абзал-ау.

Өткенімізді саралап, кеткен ауыр қателіктерімізді қайталамайық! Жаман айтпай, жақсы жоқ қой. Бәрі де орнына келеді, тек азаматтың амандығы қымбат.

                                                                                                                                                                                    Алмас Жұмағали

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары