Кеше ғана о дүниелік болған, қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін тамшы терін төккен Герольд Бельгердің топырағы жасырылмай жатып «Кеңсай қорымына жерлегеніміз мұсылмандығымызға сын» деген жазбаны әлеуметтік желіден көзіміз шалып, пүшайман болған едік. Бүгін «мұсылмандықтың жарқын үлгісін» көрсеткен сазгер Жарылқасын Дәулеттің оғаш ойларын оқыдық. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын насихаттауға тыйым салу керек» депті сазгер «Асыл арна» телеарнасына берген сұхбатында.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу деген кім екен? Қозыны Қодар өлтірген соң, Баян өзіне қол жұмсап, бір молаға кірді. Өзін-өзі қол жұмсап, жаназасы шығарылмаған адам бір молаға жатпақ түгілі, одан зорғысы болса да, оларды кімге үлгі қыламыз?», - деген сазгердің пікірінше бұл эпос кейіпкерлерін махаббат символы ретінде дәріптеуге қарастыруға болмайды екен. Сазгердің ойынша, бұл кейіпкерлер жастарға кері әсерін тигізеді екен.
«Біз ұрпақты суицидке өз қолымызбен итермелеп жатқан жоқпыз ба? Біреу өліп, соның артынан екіншісі өзін өлтірсе, ерлік пе?». Сазгердің бар «алаңдаушылығы» осы. Жарылқасынға дейін де қазақ даласында қаншама адам намаз оқып, қаншасы ислам ілімін жеттік меңгерсе де, дәл осы Жарылқасындай ғасырдан ғасырға жалғасқан тарихи эпосымызды түкке алғысыз еткені жоқ еді. «...Екі құлағы тік шықты деген» осы шығар.
Әділгерей ҚАПАН