$ 494.87  520.65  4.91

Сот кешіріп, қылмыскер бас тартса...

Бізде керісінше, мемлекет айыптайды, ал кешегі жалы күдірейген «жә» деген шенеунік кішірейіп, аяққа жығылып кешірім сұрайды.

Мемлекеттік қызметтің өңі жылдан жылға жасарып келеді, жемқор атанып Қаржы полициясы мен «Нұр Отанның» назарын өзіне көбірек аударып жүргендер де осы жас шенеуніктер немесе Жақсылық Құлекев, Ерлан Арын секілді қазаққа жақын, ғылыммен шұғылданып, биліктің қулық-сұмдығына бойламаған бірді-екілі азаматтар арандап қалып жатты. Бұл мысал, «егер ірілі-ұсақты мемлекеттің жоғарғы эшелонында, басқарушы номенклатурада құдіретті сүйеушің болмаса, сен – нөлсің, байқа» деген ескерту болатын. Оның артынша «Қазақстан Темір жолының» экс-басшысы ақталып шыққанда, бұл Қазақстанның сот жүйесі тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға ретінде қабылданды. Бірде «өліп», енді бірде қайта «тіріліп» кетіп, халықты дүрліктіріп барып, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев те ұзақ уақыт жүрген қойылымның шарықтау шегін сәтті аяқтап, ақсаңдай басып қызметіне оралған болатын. Бар қазақтың аянышын оятып, абақтыға айдала жаздаған Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын кешірім сұрап босап шыққанда, «ұлтына жақын азаматтың» оралғанына қуанғандармен қоса, күйіп кеткеннен «туф»» деп аузындағысын жерге атып ұрғандар да табылды. «Ұлт қаһарманы» болып қасқайып кете бармағанына қамыққандары да. «Иілгенше, ит жеккенге кеткені жақсы еді». Арын мырза бастап берген тап осы «жаман» әдет, ендігі жерде Президенттің өзінен қорған болуды сұрау дағдысы,  жемқор атанып, оқшаулау изоляторларында екі көзі жылтырап отырған «жастар» үшін дәстүрге айналар түрі бар. Зайырлы құқықтық мемлекеттің бәрінде жаза басқандар әділдікті заңнан іздесе, бізде жеке адамнан іздеу жолға қойылып кетпесе нетті? 200 мың пара алды деп ұсталған Табиғи монополияны реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов та «менің бір өкінетінім, мемлекет басшысының артқан сенімін ақтай алмадым» деп кешірім сұрап отыр.  Ал оны тағдыры ертеңгі жұмада шешілмек.

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік қызметкердің жұмысы бизнеске айналмауы керек, мемлекеттің ақшасы өзінің туыстарының, достарының, таныстарының фирмасына таратылмауы тиіс. Үш облыстың әкіміне нақ осы себепке байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  Осылардың қатарын толықтырғыларыңыз келмейтін шығар?» дегенде, алдындағы қағазына жанұшырып жазып жатқан жандайшаптардың біразы қорқып отырып, қорғанды қайдан іздейтіндерін қиялымен бағамдап үлгерген болар.  Мемлекетті тонап, жазаланбауға үйреніп қалған парақор мен жемқорлар  кешірімге бұлайша бой үйрете берсе, елдегі солқылдақ сот жүйесінің олар үшін таптырмайтын мүмкіндікке айналатыны анық. Әй, бірақ, бұлар бүгін сотталғанымен, ертең «ұлт батырлары» болып оралатыны тағы бар екен ғой...

Айгүл Аханбайқызы

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары