Сауд Арабиясының билігінде жаппай ұстаулар жүріп жатыр. Жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен кеше құқық қорғаушылар 11 ханзада мен 4 министрді және ондаған экс-министрді қамауға алған. Бұл туралы Al-Arabiya тілшілері хабарлады.
Күдіктілер екі дерек бойынша тергелуде. Олардың бірі - 2009 жылы Джедда қаласындағы су тасқыны. Табиғи апат салдарынан ол кезде 70-тен астам адам қайтыс болған еді. Екіншісі - 2012 жылы елде пайда болған коронавирус. Бұл індеттен де ондаған адам көз жұмды. Жұқпалы вирус артынша Біріккен Араб әмірліктері мен Оңтүстік Кореяда тез тараған болатын.
Жаппай ұстаулар болардан бірер күн бұрын Саудия королі Салман бин Абдул Әзиз әл Сауд жемқорлыққа қарсы күрес комитетін құрып, оған төраға етіп мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салманды тағайындаған еді. Король оған кез-келген күдікті шенеунікті ұстауға, қамауға, шоттарын бұғаттауға рұқсат берді.
"Аджиль" ақпараттық агенттігінің мәліметінше, ұсталған ханзадалардың бірі заңсыз қару-жарақ сатумен айналысқан көрінеді. Ал, тағы бірі өмірде жоқ келісімшарттарды қолдан жасаса, үшіншісі мемлекет қаражатын жымқырған деп айыпталуда.