17.11.2017, 03:22

Оралда осы өңірге аты танымал кәсіпкер ұсталды

Батыс Қазақстан облысына танымал кәсіпкер Александр Қарағойшин қамауға алынды деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Ірі құрылыс компаниясының 37 жастағы басшысы жол талғамайтын көлігімен жаяу жүргіншілер жолағымен келе жатқан әйелді қағып өлтіріпті. Марқұм науқас баласына дәрі алуға шыққан екен.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жол талғамайтын көлік тым қатты жылдамдықпен келген. Соққының салдарынан келіншек жедел жәрдем көлігі келмей жатып-ақ жан тапсырды. Ал тәртіп сақшылары жеткенше, көліктің  777 деген  нөмірі шешіп алыныпты. Сөйтіп, екі баланың анасына ажал құштырған кәсіпкер жазадан құтылып кетпекші болған екен. Алайда ашынған бұқара әлеуметтік желілерде шу көтеріп, бұған жол бермеді. Осыдан кейін Қарағойшин марқұмның туыстарына моральдық және материалдық шығынды толық өтеген. Енді Евгения Бондаренконың туыстарының оған еш шағымы жоқ екен. Сондай-ақ, бизнесмен бостандықта болу үшін кепілақы да бергісі келген. Судья осының бәріне қарамастан, ол тергеу аяқталғанша, яғни екі ай абақтыда отырсын деп шешті.

Раушан Смайылова, Орал қалалық сотының судьясы:

-Біздің ойымызша, Қарағойшин бостандықта жүрсе, тергеудің әділ жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Және адам өліміне әкеп соққан бұл оқиғаның халық арасында қатты наразылық тудырғаны да ескерілді.