Қарағандылық тұрғын Дарья Городецкаяның айтуынша, 14 жастағы қызын мұғалімдер мектепке шақыртып, тәртіп бұзғаны үшін сөккен екен. Мұнан кейін жасөспірім үйінен кетуді шешіпті. Ал, қызның қашып кеткенін Дарья жұмыстан үйіне оралғанда бір-ақ білген деп жазады Nv.kz.
«Мектептен шыққан соң ол әжесіне баруы керек болған. Бармаған. Одан кейін жаттығуы бар еді. Ол жерде де жоқ болып шықты. Мүмкін Аня қорқып, тығылып қалған шығар деп ойладық. Үй жақтың бәрін түгел іздедік. Таппадық. Кейін қызымыздың Лиза дейтін сыныптасымен қашып кеткенін естідік. Ол қыздың үйіне барғанымда әпкесі сіңлісінің заттарын жинап, белгісіз жаққа кетіп қалғанын айтты», – дейді ана.
Дарья қызының өз еркімен қашып кеткеніне сенбейді. Оған үйінен жиі қашуды әдетке айналдырған Лизаның ықпалы болды дейді ол. Бұған дейін үйінен ұзаққа аттап баспаған оқушы қыз ата-анасына хат жазып қалдырыпты.
«Менің теріс қылықтарым үшін кешіріңіздер. Мен үшін мұңайғандарыңызды қаламаймын. Үйден кетіп барамын. Мені іздемеңіздер. Менде бәрі жақсы болады. Менсіз жақсы өмір сүретін боласыздар», – деп қоштасқан Анна өз ата-анасымен.
Аняның анасы қызының туыстарына бармайтынын сеніммен айтып отыр. «Егер олай болса қазірге дейін бір хабар келіп жететін еді» дейді ол.
Аня Городецкаяны іздеуге полиция қызметкерлерімен қатар еріктілер де кірісіп кеткен. Қыздың телефоны жоқ. Тәртіп бұзғаны үшін жаза ретінде қолдануына тиым салынған.
Аннаның үсінде қара куртка, аяғында ұзын қонышты қара былғары етік және басында ақ түсті қалпақ болған. Ал, арқаға көк спорттық рюкзак асыныпты.
Қыздың оқитын мектебі 18 шағын ауданда орналасқан. Егер Аняны көрген білгендер болса, ата-анасы мына нөмірге хабарласуын сұрайды. Тел: 87772281195, 87003098474 немесе 102 сенім телефонына.