15.11.2017, 10:44

ОҚО-да 100-ге жуық маман жаңа кәсіп меңгерді

Елімізде соңғы онжылдықта «заңгер», «экономист», «маркетолог», «филолог» секілді мамандардың тым артып кеткенін мойындау керек. «Қазақтардың бәрі бастық болғысы келеді» демекші, ел жастарының көбі қарапайым кәсіп үйренгісі келмей, барлығы жоғарыда аталған мамандықтарды игере бастады. Салдарынан қазір құрылыста, өндірісте маман тапшы. Қай салада болмасын, заманауи технологиялар бар, алайда, олармен жұмыс істей алатын білікті мамандар жоқтың қасы. Барлығы «заңгер» немесе «қаржыгер».

Білікті маман тапшылығы әсіресе 7-8 жыл бұрын қатты сезіле бастады. Тіпті, шетелдің жұмысшыларына күніміз түскен кездер де болған. Кейін осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында елімізде кәсіби мамандықтарды тегін оқыту бағдарламалары іске қосылды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды қайта оқытып, оларға нақты бір кәсіпті үйретіп, жұмыс та тауып бере бастады. Бұл игі шара әлі де болса жалғасын тауып келеді. Мәселен...

Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 100-ге жуық адамға куәлік берілді. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ұйымдастырылған үш айлық курсты сәтті аяқтады. Қатысушылардың басым көпшілігі тігіншілікті игерсе, қалғаны электр слесарі мамандығын меңгерген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мәлім етті.

Үш ай ішінде мамандықты меңгерген азаматтар тұрақты жұмысқа да орналасты. Олар аз уақыт аралығында бірі тігінші, бірі электр слесарі мамандығына машықтанып алды. Енді жұмысқа кірісуге сақадай сай. Ал Мөлдір Амантаева тіпті өз бизнесін ашып, сүйікті ісінен нәпақа табуды ойластырып та қойған. Бағдарлама қатысушысы алдағы уақытта жеңілдетілген несие алып, қаражатқа жеке тігін цехын ашпақ ниетте. 

Айта кетейік, облыста бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде мамандығы жоқ азаматтар еңбек нарығының сұранысына орай кәсіптік білім алуға 4500, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 12 мыңнан аса адам жолданды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданғандардың жартысына жуығы оқуды аяқтап, 2 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты дейді сала мамандары. Жергілікті билік өкілдері облыста бағдарламаны өз деңгейінде іске асыру нәтижесінде жұмыссыздар азайып, сұранысқа ие мамандар қатарын толықтырып отырмыз дейді.

Айта кетейік, бүгінде өңірде сұранысы зор тігінші, сантехник, электр слесарі сияқты бас-аяғы он бес мамандықтың тізімі жасақталып отыр. Жұмыссыздықпен күресу мақсатында қолға алынған бағдарлама аясында осынау мамандықтарға азаматтарды кысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспары өз деңгейінде жүргізілуде дейді салаға жауаптылар.