Жаңа жылға қарсы Астанадан Шымкент пен Павлодарға қосымша пойыздар шығады деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
«Халықтың сұранысының артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Жаңа жыл қарсаңында келесі бағыттар бойынша қосымша пойыздар шығарады: №174/173 «Астана Нұрлы жол–Павлодар» бағыты бойынша 1 рейс, (…) №178/177 «Астана Нурлы жол–Шымкент» бағыты бойынша 2 рейс», – делінген сейсенбідегі хабарда.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанадан Павлодарға пойыз 30 желтоқсан күні сағат 23.50-де жолға шығады, ал 31 желтоқсан күні сағат 5.46-да жетеді. Кері қарай сол күні 9.15-те шығып, Астанаға 6 сағаттан кейін 15.15-те жетеді.
Қосымша құрамдар Астанадан Шымкентке 28 және 30 желтоқсан күндері сағат 17.05-те шығады. Астанаға 29 және 31 желтоқсан күндері сағат 12.54-те келеді.
Еске салсақ, бұған дейін жолаушылар тасымалы негізгі қазақстандық оператор мереке күндері қарсаңында қосымша пойыздар шығарып жүр. Мәселен, Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана мен Алматы, Астана мен Шымкент арасына қосымша құрамдар шығарған болатын.
Дереккөз: ҚазТАГ