Қарағанды-Омбы бағытында жүретін рейстік автобус жолаушыларымен бірге жыраға құлап кетті. Жолаушылардан ешкім зардап шеккен жоқ деп жазады Tengrinews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 29 желтоқсан күні түнде "Қазақстан" ауылының маңында болған. Қарағанды-Омбы бағытында жүретін рейстік автобус жыраға құлап кетті. Салонда жолаушылар болған. Оқиға жөніндегі хабарлама Қарағанды облыстық ІІД жол-патрульдік полициясының батальонына жетті. Полицейлер бірден көмекке аттанды.
"Біз жеткенде автобус жырада жатты. Біз ДЭУ-45 арнайы техникасын тоқтаттық, тоңып қалған жолаушылар жылыну үшін өз көлігімізге отырғыздық, ал өзіміз автобусты қар құрсауынан шығарып алуға көмектестік.
Автобусты қар құрсауынан шығаруға екі сағат кетті. Кейін автобустың істен шыққаны анықталды. Полицейлер автобус жолаушылары тоңып қалмау үшін бар жағдайды жасады. Сол үшін жол-жөнекей кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, қиын жағдайда қалғандардың барлығын Майөзек ауылына жылыту бекетіне жеткізді. Сынып қалған автобус та сол жерге сүйреп апарылды. Жылыту бекетінде жөнделген автобус жолаушыларымен қайта жолға шықты", - деді жол-патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Ерік Жансерікұлы.
Автобус жүргізушісі Қарағанды облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшылығына алғысын айтып, полицейлерді марапаттауды сұрады.