$ 447.4  477.55  4.76

«Мәңгілік Даңқ» шеруіне бес мыңға жуық оңтүстікқазақстандық қатысты (ФОТО)

Бүгін Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалды кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» салтанатты шарасы өтті.

Шара аясында қан майданда отанды қорғаған жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін жаңғыртатын «Мәңгілік Даңқ» шеруі сап түзеді. Шеруге бес мыңға жуық оңтүстікқазақстандық қатысты. Екінші жыл жалғасын тауып жатқан бұл шеруді облыс әкімі А.Мырзахметов бастап жүрді. Шеруге қатысушылар «Мәңгілік алауға» келіп, тағзым етіп гүл шоқтарын қойды. Жиылған қауымға және майдангер ата-апаларымыздың құрметіне өңіріміздің өнерпаздары театрландырылған концерттік бағдарлама қойды.

Мерекелік шарада облыс әкімі А.Мырзахметов барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

‒ Әділдік жолында миллиондаған адамның өмірін қиған екінші дүниежүзілік соғыс барша адамзатқа ауыр қайғы-қасірет әкелгені шындық. Сол кезеңдегі алдыңғы буынның қайсарлығы мен төзімділігі біздің санамызда нағыз отансүйгіштіктің қайталанбас үлгісіндей болып қала бермек. Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысынан астамы туған жерге оралмады. Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған 427 майдангер мен 21779 тыл еңбеккері арамызда ғұмыр кешуде. Тылда күн-түн демей қажырлы еңбек еткен, тыл ардагерлеріне де бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, Жеңіспен оралған ардақты ардагерлерді қадірлеу, құрметтеу, оларға қажетті әлеуметтік көмектер көрсету біздің перзенттік парызымыз,‒ деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ардагерлерге әскери-далалық асханада дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды.

Жыл басынан бері барша ардагерлерімізге Жеңістің 70 жылдығына орай құрмет көрсетілуде. Мәселен, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмектер берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған 26 соғыс ардагерінің 18-і баспанамен қамтылып (Шымкентте 12, Кентауда 3, Созақта 3), Арыста 3, Мақтаралда 2 соғыс ардагеріне үй алу үшін ордерлер тапсырылды. Әлеуметтік карта аясында 226 ардагердің үйлері жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Елбасы Жарлығымен Жеңістің 70 жылдығына орай жасалған мерекелік медалдің 22346 данасы облысқа жеткізіліп, таратылды.

Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар аясында өңірдегі 28 ардагерге мемлекеттiк наградалар табысталды. Облыста «Елдік ‒ елге мұра», «Оңтүстік Қазақстаннан шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан оңтүстікқазақстандық жауынгерлер» атты үш естелік кітаптар шығып, қысқаметражды «Майдангерлер» фильмі көрермен назарына ұсынылды. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары