Шығыс Қазақстан облысында "Құнанбай" тарихи көркем фильмінің премьерасы өтті. Киноның тұсаукесері алдымен Құнанбайдың өз ауылы Қарауылда, кейін Семей қаласындағы "Еңлік-Кебек" және "Әлем" кинотеатрларында жүргізілді. Ұлы Абайдың әкесінің өмірі жайында түсірілген осынау кинотуынды қалың көрерменге 25 мамыр күні жол тартады.
Фильм авторы - Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері, ұлттық театр және кино актері, режиссер, продюсер Досхан Жолжақсынов. Бұған дейін ол 2008 жылы "Біржан сал" фильмімен көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Аталған толықметражды кинотуындыны тек отандық сыншылар емес, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар да оң бағалаған еді.
Досхан Жолжақсынов "Құнанбай" фильмін жазушы Таласбек Әсемқұловпен бірге түсірді. Ал, музыка авторы - белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов. Фильмге түсуге елімізге танымал актерлармен бірге Семейдегі Абай атындағы және Достоевский атындағы театрлардың актерлары да тартылды.Жаңа кинокартина қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі - Құнанбай Өскенбайұлының өмірінен, бұған дейін біз естіп-білмеген құпияларынан сыр шертеді. Ол 1804 жылы Шыңғыстауда дүниеге келген.
Көпшілік Құнанбайды Әуезовтың "Абай жолы" романында жазылғандай қатал әке, феодал сұлтан ретінде таниды. Алайда, бұл шығарманың Кеңес заманында қаншама цензурадан өткені белгілі. Фильмде Құнанбайдың көрегендігі, данышпандығы, әділдігі, дәстүрді құрметтейтіндігі анық көрсетілген.
- "Біржан сал" фильмін түсіріп болған соң біз Таласбек Әсемқұлов екеуміз жаңа киноға тақырып іздедік. Қазақта киноға кейіпкер болатындай тұлғалар өте көп. Біз ақылдаса келе Құнанбайға тоқтадық. Көпшілік оны қатал бірақ әділ басшы ретінде таниды. Ал, біз Құнанбайдың өзге де қырларын ашқымыз келді. Осылайша оның өмірімен танысып, фильм түсіруге дайындалуға тура бес жылдай уақыт жұмсадық" дейді режиссер Досхан Жолжақсынов.