Прокуратура органдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті мен жергілікті атқару органдарының қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар заңсыздықтардың бетін ашты. Бұл жайында ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Ветеринариялық және азықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекет экономикасының дамуының, халықтың денсаулығы мен саулығының негізгі көрсеткіші болып табылады. Елдегі тұрақты эпизоотикалық жағдай оның әлемдік нарыққа кіруіне, экспорттық мүмкіншіліктің дамуына кепіл болады.
Соңғы үш жыл ішінде ветеринарлық саланың дамуына мемлекет 80 млрд теңге бөліп, бұл қаржы эпизоотикалық жағдайдың жақсаруын жеделдетуге, малдың өлім-жітімін төмендетуге, мал басы санының өсуін қамтамасыз етуге тиісті болатын. Бірақ, 2012-2014 жылдар аралығында елімізде халыққа экономикалық зиян тигізген ерекше қауіпті аурулардың 1,2 мың ошағы тіркелген. Сондай-ақ, 300 мың басқа жуық ауру малдың көзі жойылып, халықтың шығынын өтеу үшін бюджет қаражатынан 4 млрд теңге жұмсалған.
Сегіз жылдан астам уақыт бойы бес облыс (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан) эпизоотикалық қолайсыз өңірлердің қатарында қалып, ол облыстар ет өнімдерін экспорттай алмай келеді.
Тексеріс көрсеткендей, қалыптасқан жағдай жергілікті атқарушы органдар мен инспекциялардың ветеринарлық қызметтері тарапынан жаппай заң бұзушылығымен, ветеринарлық заңнаманың сақталуына тиісті бақылаудың болмауымен, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуымен, сонымен қатар, ветеринарлық қызмет жүйесін тиімсіз басқарумен сипатталады.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда мал басының саны жайлы нақты ақпарат жоқ, ол эпизоотикалық бақылаудың сапасына әсер етеді.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған малдарды сәйкестендірудің деректер базасы бүгінгі таңда өзінің малдарға бірыңғай есеп жүргізу қызметін орындамайды. Мысалы, жылқы басының саны бойынша базада 800 мыңға дейін мал басы жетіспейді, яғни, жалпы іс жүзіндегі санның 44%-ы. Ауылдық ветеринарлық қызметтердің малдың төлдеуі, жойылуы және сойылуы туралы деректерді уақтылы жаңартпайтындарына байланысты қиындықтар туындаған" делінген ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тексерістер бұрын сойылған 11 мыңнан астам малдың базада бар екенін көрсетті. Сонымен қатар, мал дәрігерлік пунктердің 29% (2 360-тың 690-ы) ауылдық жерде интернет-байланысының болмауынан базаны қолданудың техникалық мүмкіндігімен қамтамасыз етілмеген. Оған қоса, мал дәрігерлік пунктер жұмыскерлерінің шамамен 65%-ның деректер базасымен пайдалану тәжірибелері жоқ.
Мал басының саны бойынша нақты деректердің болмауы ветеринарлық-алдын алу іс-шараларын жоспарлау процесін немқұрайдылыққа, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және аурулардың алдын алуға қажетті қаржының ауытқуына алып келген.
Аурулардың 20 түрі бойынша жыл сайынғы диагностикалық зерттеу өткен жылдардың жоспарын қайталау негізінде, яғни, аймақтардағы эпизоотикалық жағдайға талдау жасамастан жүргізілген.
Осы себептерге байланысты, өткізіліп жатқан иммунопрофилактикалық іс-шаралар (малды вакцинациялау) өз нәтижелерін бермейді, өйткені жоспарлық көрсеткіштер малдың іс жүзіндегі санына сәйкес келмейді. Осының салдарынан прокуратура органдары республиканың 10 облысында 45 мыңнан астам мал басына вакцинация жасалғаны туралы жалған жазбалар анықтады.
Комитеттің сапасыз вакциналарды сатып алуы жағдайды ушықтыра түсті, ол малдың иммунитетінің төмендеуіне әкеліп қана қоймай, кейбір аймақтарда эпизоотикалық жағдайдың асқынуына әкеледі.
Эпизоотикалық ошақтарды анықтағанда қолданылатын шаралардың толық болмауы аурулардың жайылуына ықпал жасайды. Көп жағдайда бруцеллезға шалдыққан малды сойғанда елдімекенге қолайсыздық сипаты берілмейді және шектеу-карантиндік іс-шаралар жасалмайды. Сонымен қатар, Қазақстанда 2012-2014 жылдар аралығында аурудың бұл түрі екі есе өсті: ұсақ малдың ауыруы – 34-тен 60 мың басқа, ірі қара мал – 36-дан 70 мың басқа дейін. Аурулардың өзге түрлері бойынша да осыған ұқсас жағдай байқалады.