2015 жылғы 16 наурыз бен 18 мамыр аралығында еліміздің шалғай елдімекендерінде тұратын 5571 азамат арнайы жұмылдыру топтарының құрамында ауылдарға барған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының, «Қазпошта» АҚ және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарынан зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөнінде кеңестер алды.
Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды. Атқарылған жұмыс қорытындысында жүгінген 5571 азаматтың 3381-і түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, 1360 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды, 830 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды.
Ағымдағы жылғы 16 наурыз бен 18 мамыр аралығында жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 792шалғай ауылдық округті қамтып, оларға 1284 рет, оның ішінде жоспардан тыс 12 рет барды деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі барлық өтініштер бойынша электрондық іс макеттері жасақталып, өкілетті органның қарауына жіберілді. Ағымдағы жылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша 787 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктер және хабарламалар азаматтарға жұмылдыру топтарының келесі сапарларында жеткізілетін болады.
Жұмылдыру топтарының жұмысы пилотты режимде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді.
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылғы 12 наурызда «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК, «Қазпошта» АҚ және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға бағытталған.