Астана қаласының коммуналдық қызметтері жауын-шашынның шамадан тыс жаууына байланысты күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Тәулік бойы су басу қаупіне ұшыраған аудандарда кезекшілік жүргізілуде, жол қозғалысы бақылауға алынды деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Астана Тазалық» ЖШС хабарлауынша, 18 мамырда елордада 9380 текше метр жаңбыр суы сорылды. Атап айтқанда, «Алматы» ауданы бойынша 4321 текше метр, «Есіл» ауданы бойынша 2028 текше метр, ал «Сарыарқа» ауданы бойынша 3031 текше метр су сорылды.
Жалпы, үш күннің ішінде (16-18 мамыр) сорылған жаңбыр суының мөлшері 25 мың текше метрді құрады.
Бүгін қала көшелерінде толассыз жауған жауын салдарын жою үшін 80 жуық мамандандырылған техника жұмыс істеуде.
Астанада алдағы күндері де жауын жауады деп күтілуде. Синоптиктердің болжамынша, бүгін елордада көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде +9+11°С, күндіз +18+20°С болады.
20 мамырда оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғып, ауа температурасы күндіз +16+18°С, ал түнде +10+12°С болады.
21 мамырда күн жауын-шашынды болады. Ауа температурасы түнде +7+9°С, күндіз +13+15°С құрайды.