19.05.2015, 18:00

Қазығұртта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылды

Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелері Қазығұрт ауданы, Атбұлақ елді мекеніндегі Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының ашылу салтанатына қатысты деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мектеп-интернат 400 оқушыға шақталған. Мұнда 300 орындық жатақхана кешені де қарастырылған. Білім ошағында балалардың сапалы білм, саналы тәрбие алуына барлық жағдай қарастырылған. Химия, физика пәніне арналған кабинеттер заманауи оқу жабдықтарымен және қолданбалы-әдістемелік құралдармен қамтылған. Спорт залында жаттығу бөлмелері мен қатар жуыну бөлмесі қамтылып, спорттық бұйымдармен жабдықталған. Сондай-ақ мектепте асхана, балалар демалатын орындар, кітапхана, дәрігерлік көмек көрсету бөлімдері де бар.

Бүгінде дарынды балаларға арналған мектепте 303 оқушы білім алса, оларға білім нәрін 44 ұстаз береді. Білікті ұзтаздардан тәлім алған мұндағы оқушылар түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында Алматы қаласында өткен математикадан халықаралық пән олимпиадасында 11-сынып оқушысы І орынға ие болса, Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде тәлімгерлер ІІ және ІІІ орындарды лайық деп танылған. Ал, «Самұрық» облыстық математика пәні бойынша олимпиадада 14 оқушы үздіктердің қатарынан көрінді.

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан мәртебелі қонақтар оқушылардың қолымен жасалған инновациялық жобалар көрмесімен танысып, жас өскіннің талабына жоғары бағасын берді.

Мектеп-интернатқа Жамбыл Қаппарұлының есімі беріліп отыр. Ж.Қаппарұлы 1938 жылғы 23 желтоқсанда Атбұлақ ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Атбұлақ елді мекеніндегі жеті жылдық мектепті аяқтаған соң, Түлкібас ауданы Ванновка селосының Абай атындағы орта мектебінде оқып, оны 1956 жылы бітірген. Сол жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, оны 1961 жылы аяқтап, экономист-математик мамандығын алған. Жамбыл Қаппарұлы еңбек жолын Автомобиль-транспорт министрлігінде жаңадан ашылған Есептеу орталығында қызмет етуден бастады. Сол жерде инженер-программист дәрежесінен директорға дейін көтерілді. Жамбыл Қаппарұлының жарыққа шыққан 100-ден астам ғылыми еңбектері бар.