06.02.2018, 03:33

Алматы облысындағы мектеп ауласында оқушы баланы қаңғыбас ит талап тастаған

Қаңғыбас иттен келген қатер! Алматы облысында сабаққа кеткен екінші сынып оқушысы мектеп ауласында итке таланып, ауруханадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер оның жарасын таңып, үйіне қайтарғанымен, қатты шошып қалған бала әлі мектепке бармай жүр. Ал, ашынған ана болса, балама дер кезінде көмек қолын созбады деп, мектеп басшылығын кінәлап отыр. Айтуынша, жауапты қызметкерлер жедел жәрдем шақырмай, баланы Қаскелеңдегі ауруханаға ақыры өздері алып барыпты.

Ашынған ана болса баласына дер кезінде көмек қолын созбаған мектеп басшылығын кінәлауда. Айтуынша, жауапты қызметкерлер жедел жәрдем шақырмай, баланы Қаскелеңдегі ауруханаға өздері алып барыпты.

Үрей құшағындағы баланың сөздерінше, сабақ арасындағы үзіліс кезінде түзге отыру үшін мектептің артындағы әжетханаға барғанда қаңғыбас иттер тап берген. Шырқыраған оқушыны әлдекімдер әрең дегенде ажыратып алған көрінеді.

Ұстаздардың салғырттығына налыған ана қаңғыбас иттер өріп жүрген мектеп ауласына ерекше бақылау қажет екенін айтады.

"Менің балам медициналық кабинетте емес, сап-салқын дәлізде тұр екен. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Мен есімнен танып қала жаздадым. Мұғалімдер болса, жай ғана жарақат деп алдаусыратуға көшті", - дейді зардап шегуші Ғани Манарбектің анасы Құралай Жанысова.

Ашуға мінген ата-аналар тез арада дәретхананың мектеп ішінде ашылғанын талап етуде. Бірақ, тозығы жеткен мектепте ондай талапты орындау мүмкін еместігін жеткізген директор қолдан келгенше тиімді шешім қабылдауға тырысатынын жеткізді.

"Егер біз күрделі жөндеуге ілікпейтін болсақ, онда аудан әкімі көмек беріп, биыл әжетхана жағынан көмектесеміз деп уәде берді", - дейді мектеп директоры Динагүл Әбдиева.

Сонымен қатар, мектеп директоры оқыс оқиғадан кейін ауылдық әкімдікке хат жолдап, қаңғыбас иттерді аулауға пәрмен беруін сұрапты. Бірақ, берілген уәде сол қалпында қалып, ешкім ат ізін салмаған.

Мектептегі төтенше жағдайдан соң директор оқиға кезінде дəрменсіздік танытып, жедел жəрдем шақырмаған үш қызметкерге ескерту жасапты. Тіпті, қауіпсіздікті күшейту мақсатында күнделікті кезекшілік ұйымдастыруға көшкен.

Ал ата-аналардың ең болмағанда бастауыш сыныптар үшін кəріз құбырын ғимарат ішіне тарту керек деген өтініші қашан орындалатыны белгісіз. Себебі, жергілікті билік өкілдері сырына қанық мəселені шешуге əлі күнге дейін қаражат бөлінбеген. Демек, түзге шыққан оқушыны тағы да ит талап тастамасынша ешкім кепілдік бере алмайды.

Дереккөз: КТК телеарнасы