Таразда қызметтік көлікпен жол апатына ұшыраған тәртіп сақшыларына қатысты деректер айтылмай жатыр. 4 күннен бері ішкі істер департаменті болған оқиғаға қатысты тіс жармай, құпия ұстауда. Полицейлердің бұл әркеті көптің күдігін үдетіп жіберді деп мәлімдейді КТК телеарнасы.
Тәртіп сақшыларының қызметтік көлігі талға соғылып күл-талқаны шыққан. Ал, бұл жол апатына қатысты ішкі істер департаменті жақ ашпай отыр. Соның кесірінен ел арасында түрлі қауесеттер желдей есуде. Оқиға куәгерлерінің сөзіне сенсек, оқыс жағдайға тәртіп сақшысы кінәлі. Яғни ол қызметтік көлігімен жүйткіген бойда тракторға соғылған. Әрі сол жерде бір адамның қаза тапқаны туралы айтылуда. Жол апаты әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Көбі тәртіп сақшыларын қараласа, сол «көлік тізгінінде болдым» деген Данияр есімді азамат жұртты ғайбат сөз айтпауға шақырған. Оның қалдырған жазбасында өзімен бірге болған әріптесінің ауыр хәлде ауруханада жатқандығы айтылған. Бірақ бұл ақпараттың рас-өтірігі белгісіз. Ал құзырлы орындардың нені жасырып отырғаны түсініксіз.