21.05.2015, 18:00

Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар нысандарды аралады

Мемлекет басшысы көпфункционалды «Талан Тауэр» және «Әбу-Даби Плаза» кешендерінің құрылыс алаңында, сондай-ақ «Жасыл квартал» тұрғын үй кешенінің таныстыру бөлмесінде (шоу-рум) болды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Елбасы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып, нысан құрылысшыларымен әңгімелесті.

***

«Талан Тауэр» көпфункционалды кешені жобасына 157 орындық қонақ үй, ауданы 8300 шаршы метр сауда галереясы, А сыныпты бизнес-орталық және тұрғын жайлар кіреді. Нысан құрылысына 40-тан аса мердігерлік ұйым тартылған. Мұнда Қазақстанда бірінші рет «жасыл» технологиялар – «жасыл» шатыр, энергия тұрғысынан тиімді лифтілер, энергия сақтаушы әйнектер, жаңбыр суын қайта пайдалану қондырғысы қолданылады, паркинг және электромобильдерге арналған зарядтаушы стансалар, арнаулы орындар, велосипедшілерге арналған киім шешетін және жуынатын орындар болады.

***

«Әбу-Даби Плаза» кешені – түрлі мақсаттағы блоктардан құралған көпфункционалды зәулім ғимарат. Атап айтқанда, оған кеңселер, қонақ үй және тұрғын үй кешені кіреді. Құрылыстың жалпы ауданы – 500 мың шаршы метр.

***

«Жасыл квартал» кешені жобасы энергия сақтаудың жаңа технологияларына негізделген. 20 гектардан астам аумақта көпқабатты үйлер, кеңсе ғимараттары, паркинг, сондай-ақ субтропикалық микроклиматы, экзотикалық дендросаябағы бар шағын көл, биокүмбезді мәдени және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.

Мұнда суғарылмайтын ландшафт жүйесі, «қалдық суды» коммерциялық ғимараттарда қайта пайдалану, қоқысты орталықтандырылған жинау жүйесі, «ақылды» автотұрақ жүйесі, велокөліктерді қоюға арналған орындар, елдегі электрмен зарядтайтын алғашқы толыққанды станса қарастырылған.