Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз орынбасарларының жетекшілік ететін салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы жиындар өткізуде. Кезекті жиында облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.
Мәдениет саласындағы міндеттер мен оның орындалуын сарапқа салған өңір басшысы, бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылғандығын айта отырып, өңіріміздің мәдени тынысын одан әрі арттыруда тың бастамалар қолға алу керектігіне тоқталды. Театр репертуарларына жаңа леп беріп, тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктер жөнінде қойылымдар әзірлеу қажет екендігін назарға алды. Жұмыс жоспарларларын қайта қарап, аудан, қалаларда өтуі тиіс шараларды белгілеуді міндеттеді. Мәдени және тарихи мұраларымызды насихаттауда озық технологияларды пайдаланудың тиімділігіне көңіл бөлді. Елді мекендердегі кітапханалар мен клубтардың жұмысын жүйелеуді жүктеп, қызмет көрсету тиімділігін арттыру бағытында нақтылы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Мәдениет және өнер мекемелерінің басшыларымен болған кездесуді қорытындылаған өңір басшысы ұлттық дәстүрлерді дәріптеуде Оңтүстіктің орны қашанда бөлек екендігіне тоқталды. Елбасының тапсырмасына сәйкес Шымкент бүгінде еліміздегі үшінші қала мәртебесіне талпынып отырғандығын айтып, осы биік талаптарға шаһардың мәдени тынысы да сәйкес болуы керек деді. Өнер айдынында жаңа есімдер мен дара таланттарды тәрбиелеп, өңірдің рухани өміріне тың шығармашылық жанрларды жарыққа шығару керек деп түйді.