Пара алғаны үшін сотталған Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың бұрынғы директоры Ерлан Біләл сахнадан кетпейді. Актер театр труппасында қалады. Ақша жымқырды деп айыпталған халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та сөйтеді деп мәлімдеді Алматы телеарнасы.
“Ерлан театрдың негізгі репертуарында басты рөлдерді ойнайды. Абай, Балуан Шолақ және Чеховтың Вершининің одан артық ешкім сомдай алмайды. Ерлан кетсе, театрымыздың репертуары қатты нашарлап кетеді. Ерлан — танымал актер, тәжірибелі маман”, — депті театрдың жаңа директоры Асхат Маемиров.
Халық әртісі Сәбит Оразбаев та театрдың жаңа директорын мақтап кетті:
“Осындай басшының келгеніне қуаныштымыз. Ол жақсы режиссер, көп өзгерістер әкелуі тиіс. Ал енді коррупцияға келсек, бұрын мұндай нәрсе біздің театрымызда болмаған.
Тұнғышбай жаза басты, көп ақталды, көп өкпеледі. Енді міне, Ерлан Біләл. Олай болады деп ойламадық. Не істейміз енді? Өмір жалғасады, ары қарай жылжуымыз керек”, — деді ол.
Маемировтің айтуынша, театрды үлкен өзгерістер күтіп тұр.
“Біз театрдың беделін көтереміз. Халықаралық деңгейге көтерілеміз. Актерлеріміздің жалақысына келсек, біздегі айлық мемлекеттік театрлардың арасынан бәрінен жоғары. Өйткені бұл академиялық театр, еліміздегі бас театрлардың бірі”, — деді жаңа басшы.