Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тұрғындардың алдындағы есептік кездесуі өтті. Кездесу барысында облыс орталығындағы көшені Мемлекет басшысының есімімен атау туралы ұсыныс жасалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Мұндай пікірді қоғамдық кеңестің төрағасы Александр Рюмкин білдірді.
- Соңғы кездері қаланы көріктендіру бойынша көп жұмыс атқарылуда, - деді Александр Рюмкин. - Әсіресе, Кутузов көшесі айтарлықтай көркейе түсті. Көріктендіруге көп көңіл бөлініп жатқаны үшін ризамыз. Алматы қаласында Фурманов көшесін ауыстырғаны белгілі. Бұл сұрақ Шымкентте де көтерілді. Менің ойымша, Павлодар қаласындағы әдемі көшелердің бірі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімімен аталғаны дұрыс.
Қаланың бұрыңғы мэрінің пікірімен келіскен Болат Бақауов бұл сұрақты қарастыруға уәде берді.
- Көше атауын ауыстыру мәселесі жиі көтеріледі, - деді аймақ басшысы. – Қоғамдық кеңеске қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіреміз. Әсіресе, қаланың замануи келбетін қалыптастыруға көп көңіл бөлінуде. Дегенмен көше атауын ауыстыру мәселесіне сақтықпен қарау қажеттігін жақсы түсінесіз. Жалпы, сіздің ойыңызды құптаймыз.
Еске салайық, Кутузов көшесінің атауын ауыстыру сұрағы осыдан бір жыл бұрын облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген болатын. Ол кезде қоғам қайраткері, бұрынғы қала әкімі Евгений Азаров ең кең көшені Астана қаласының атымен атауды ұсынған. Алайда, елорданың есімі Павлодардың ескі көшесі Лениннің орнына берілетін болып шешілді.
Кутузов көшесі 60 жылдары бой көтерген. 1812 жылғы дүниежүзілік соғыстың 150 жылдығына орай орыс қолбасшысының есімі берілген. Бұл көше әуежай мен темір жол және автовокзалдарын жалғайды.